Ақтөбеде бюджеттен 272 млн теңге жымқырғандар сотталды


Ақтөбе қаласының №2 сотында бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқыру фактісі бойынша қылмыстық іс қаралды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бас прокуратураның мәліметінше, осыған дейін Ақтөбе қаласының прокуратурасы бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігіне жүргізілген тексеріс нәтижелері бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Тергеу барысында Ақтөбе қаласының Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және цифрлық технологиялар орталығының директоры жеке кәсіпкермен алдын ала сөз байласып, мемлекеттік сатып алу аясында жол таңбаларын салу бойынша 272 млн теңгеден астам сомаға жалған келісімшарт жасағаны анықталды.
Алайда іс жүзінде жұмыстар орындалмаған, ал ұрланған қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, иемденілген. Нәтижесінде мемлекетке аса ірі мөлшерде залал келтірілген, - делінген хабарламада.
Осы факті бойынша ҚК 189-бабының 4-бөлігі 2) тармағы (сеніп тапсырылған мүлікті қызметтік жағдайын пайдалана отырып, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы болып аса ірі мөлшерде иемдену немесе талан-таражға салу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Іс сотқа жолданды. Сот ұсынылған дәлелдемелерді қарап, мемлекеттік айыптаушының ұстанымын ескере отырып, сотталған тапсырыс берушіні мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Ал мердігерге кәсіпкерлік қызметпен айналысу құқығынан 10 жылға айыра отырып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.



