Ақтөбе облысында сотталғандар бейнебақылау камераларын әдейі сындырған (ВИДЕО)


Актөбе облысы прокуратурасының арнайы прокурорларымен №8 мекемеде сотталғандар тарапынан бейнебақылау камераларын бүлдіру дерегі бойынша қылмыстық іс аяқталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
2024 жылдың қараша айында кісі өлтіргені үшін сотталған А.Жармұханов пен адамдар тобымен бірге тонау және ұрлық жасағаны үшін сотталған Р.Жұмашев №8 мекеменің камерасында ішкі тәртіп режимін бұзу мақсатында бейнебақылау жүйесі мен оның құрамдас бөлшектерін қасақана бүлдірген.
Осыған ұқсас жағдай 2024 жылдың желтоқсан айында тағы қайталанған. Бұл жолы А.Жармұханов №8 мекеменің серуендеу алаңында орналасқан бейнебақылау құрылғысын да тәртіпті бұзу ниетімен қасақана істен шығарған.
«Аталған барлық деректер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 428-1-бабы 3-бөлігіне (Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде, тергеу изоляторларында және уақытша ұстау изоляторларында бейнебақылау жүйесін немесе оның компоненттерін қасақана жою немесе бүлдіру) сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілдіº,- делінген облыстық прокуратура хабарламасында.
2025 жылғы 16 мамырда Ақтөбе қаласының №2 сотының үкімімен аталған екі сотталған кінәлі деп танылып, бұрынғы тағайындалған жаза мерзімімен бірге А.Жармұханов 7 жылға, ал Р.Жұмашев 6 жылға бас бостандығынан айырылды.