Ақмола облысында полицейлер бүтін бір отбасыны жанып жатқан пәтерден құтқарды


9 сәуірде таңертең Ақмола облысындағы тұрғын үйлердің бірінен өрт шықты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Polisia.kz жазуынша, сағат таңғы 06:45-те «102» пультіне Центральный шағын ауданындағы №2 Б үйде түтін будақтап жатқаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына дереу келген «Әскер 5» автопатрульінің патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Дәурен Түкеев пен Есен Сапар келіп, көршілермен бірлесіп шұғыл эвакуация ұйымдастырды.
«Анасы түтінді пәтерден 2019, 2022 және 2023 жылы туған үш баланы кезекпен жұбайына табыстады, ол төменгі қабаттағы терезе торына шығып, оларды қабылдап алып, полицейлер мен көмекке асыққан қала тұрғындарына тапсырды», - делінген хабарламада.
Полиция қызметкерлері мен тұрғындардың үйлесімді әрекетінің арқасында отбасы мүшелері соның ішінде ата-аналар бірнеше минут ішінде сәтті эвакуацияланды. Алдын ала мәлімет бойынша, өрттің себебі – электр сымдарының қысқа тұйықталуы.



