«62 том»: Шерзат Полаттың өліміне қатысты істі тергеу аяқталды


Кәмелетке толмаған баланы өлтіру фактісі бойынша өткен жылдың 4 қазанына қараған түні болған қылмысты тергеу аяқталды. Бұл туралы Алматы облысының Полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Тараптар қылмыстық іс материалдарымен толық танысты, іс сотқа жіберу үшін прокурорға жолданды.
«Тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізілді, шамамен 200 куәгерден жауап алынды, барлық күдіктілердің оқиға орнында айтқан жауаптары тексерілді, процесс қатысушылары арасында беттестірулер өткізілді, сондай-ақ қылмыстың барлық мән-жайын анықтауға бағытталған өзге де тергеу әрекеттері жүзеге асырылды.
Қылмысқа қатысушылардың барлығына құқықтық баға бере отырып, 8 бейнематериал зерттелді», - делінген хабарламада.
Қылмыстық іс 62 томнан тұрады, оның ішінде барлық жиналған дәлелдемелер, сараптама қорытындылары, жауап алу хаттамалары және басқа да маңызды материалдар бар.
Алматы облысының Полиция департаментінің мәліметінше, әрбір тергеу әрекеті қылмыстық заңнама талаптарына сәйкес жүргізілген, тергеудің барлық кезеңдерінде заңдылық, ашықтық және объективтілік қамтамасыз етілген.
Тергеудің барысы және процесс қатысушыларының конституциялық құқықтарының сақталуы прокуратура органдарының бақылауында болған.
Еске салайық, 4 қазанда Талғар қаласындағы төбелестен бір адам қайтыс болған болатын.