00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Алматы облысында 5-сынып оқушысы өз үйінде асылып қалған (ВИДЕО)

31 наурыз, 2023
Ғани Атымтай Ғани Атымтай
Алматы облысында 5-сынып оқушысы өз үйінде асылып қалған (ВИДЕО)

Алматы облысында 5-сынып оқушысы өз-өзіне қол жұмсады. 11 жастағы қыз бала үйінде асылып қалған, деп жазады Elorda.info.

«Астана» телеарнасының мәліметінше, қайғылы жағдай Талғар ауданындағы Гүлдала ауылында болған. Атасы мен апасының қолында өскен жеткіншек сол күні үйде жалғыз болыпты. Сабаққа да қатыспаған. Мұны мектеп директоры айтты. Білім ордасында қазір күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Балалар сабақты қашықтан оқиды. Қыздың онлайн сабаққа қосылмағанын көрген мұғалімдері оны іздей бастаған.

Сабаққа жиі қатысып отыратын. Сабақ үлгерімі жақсы. Қыздың мамасының өзі тікелей бізбен байланыста болатын. Әрдайым баласының сабағын қадағалап отыратын, - дейді Гүлдала ауылы №21 мектеп директоры Қуаныш Айтбаев.

Жеткіншектің тосын қазасы ұстаздары мен сыныптастарын да есеңгіреткен. Оның мұндай қадамға баруына не себеп екені әзірге белгісіз. Дегенмен мектеп директоры өлімге итермелеген интернеттегі түрлі сайттар болуы мүмкін дейді.

Естідік сондай телеграмға кіріп кетті деген сияқты. Мектептен тыс уақытта біз балалардың телефонда қай сайтта отырғанын біле алмаймыз. Бұл жерде ата-ананың көмегі қажет бізде. Сондықтан әрбір ата-ана балалардың қайда отырғандығын, кіммен сөйлесіп отырғандығын бақылап отырса, нұр үстіне нұр болар еді, - дейді мектеп директоры.

Істің ақ-қарасын енді полиция анықтамақ. Жұмбақ өлім дерегімен іс қозғалған.

Аталған факт ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабының 3-бөлігі бойынша  Талғар аудандық Полиция басқармасында тіркелді. Қылмысты дұрыс шешу мақсатында заңда көзделген іс-шаралар жүргізілуде. Керекті сараптамалар тағайындалды, - дейді Талғар аудандық Полиция басқармасы бастығының орынбасары Серік Тұрпанбаев.  

Соңғы уақытта жастар арасында өзіне-өзі қол салатын фактілер жиі болып жүр. Олардың дені интернетпен байланысты болса керек. Осы орайда жұрт әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізуі қажет деген пікірде. Қауіпті сайттарды бұғаттаған жөн деп отыр.

Ата-аналар контроль жасайды ғой. Бірақ баланың қазір телефонда не көріп отырғанын біз қайдан білеміз, мысалы. Сондай ойындарды тіптен мемлекетімізде ойналмайтындай қылып, жоқ қылып жіберуге бола ма. Мүлдем соны жоқ қылып тастаса, - дейді Сұлтан тілек есімді тұрғын.  

Ал Ернар Байкенжаев есімді тұрғын да ауылдасының сөзін құптайды.

Телефонның негізі пайдалы тұстары көп қой. Бірақта көбіне балалар білмегендіктен зиянды жақтарына кетіп қалады. Көптеген пропагандалық контенттер бар. Солардың барлығын мемлекет тарапынан да блоктап және ата-аналардың да тарапынан балаларының қандай нәрселер көретінін шектесе дұрыс болады, – дейді ол.  

Сондай-ақ тұрғындар балаларға мектеп қабырғасында да түсіндірме жұмыстары жүргізілуі керек деп есептейді. Психологтар да қауіпті сайттар мен  онлайн ойындардың зардабын түсіндірсе деп отыр.