Елордада ерлі-зайыптылар футбол алаңдарынан смартфондар ұрлаған (ВИДЕО)
Сарыарқа ауданының полицейлері ұрлық жасады деген күдікпен 28 жастағы елордалық азаматшаны ұстады, деп хабарлады Elorda.info.
Күйеуі балалар арбасымен жақын маңда серуендеп, басқалардың назарын аударып жүргенде, әйелі жасөспірімдер футбол ойнап жүрген алаңда ұрлық жасаған.
Кешкі уақытта Айманов көшесіндегі үйдің ауласында күдікті әйел 10 жасар баланың «Самсунг А-12» ұялы телефонын ұрлап кеткен. Бала ұялы телефонды заттарының үстіне қойып, футбол ойнаған. Осыған ұқсас тәсілмен күдікті кәмелетке толмағандардан үш ұялы телефон ұрлаған. Ұрланған гаджеттерді әйел сатып алушыларға сатқан, – делінген Полиция департаментінің хабарламасында.
Ұсталған азаматша кінәсін мойындады. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, оның осыған ұқсас бұрын жасалған қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.