Шымкентте көліктің жүксалғышында үш бала тұншығып қалды
19 мамырда Қаратау аудандық полиция басқармасының 102 пультіне үш кішкентай баланың автокөліктің жүксалғышында тұншыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына бірден полиция қызметкерлері барды. Анықталғанындай, ата-анасы үйде болмаған. Балалар жүксалғышқа кіріп, қақпағын жауып алады. Содан кейін қайта шыға алмай тұншығып қалыпты. Екеуі оқиға орнында қайтыс болды, ал үшінші бала бүгін реанимацияда көз жұмды, - деп хабарлады Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Көршілерінің айтуынша, көлік ескіріп, аулада тұрған. Ағайынды үшеудің екеуі - ұл, біреуі - қыз. Екі бала мектеп жасында болған.
ПД баспасөз қызметі аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталғанын мәлім етті. Оқиғаның барлық мән-жайлары анықталады.