Нартай Сәрсенғалиев: «Халық автотұрақтарды тегін пайдалана ала ма?»

Нартай Сәрсенғалиев: «Халық автотұрақтарды тегін пайдалана ала ма?»
Фото: скриншот/ ҚР Парламенті Мәжілісі

Мәжілісте депутат Нартай Сәрсенғалиев Астана қаласы әкімінің орынбасары  Ерсін Өтебаевқа ақылы автотұрақтарды мемлекеттің меншігіне қайтару мәселесі бойынша сұрақ қойды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Конституцияның 6-бабына сүйенетін болсақ, еліміздегі жердің иесі халық болып табылады. Мемлекет - тек меншік құқын жүзеге асырушы. Бірақ мемлекет халықпен ақылдаспай, 2018 жылы қаладағы барлық қоғамдық жерлерге ақылы автотұрақтар құрды және оны жекеменшік компанияларға беріп тастады. Мәселен, соңғы үш жылдағы мәліметті айтайын, 2021-2024 жылдары ақылы автотұрақтарға астаналықтар 726 млн теңге төлесе, соның 671 млн теңгесі жекеменшік компанияның қалтасына кетті, яғни бюджеттен тыс кетті деген сөз.

Әкімдіктің мамандарымен жұмыс істеген кезде осы 2025 жылдың 1 маусымына дейін ақылы автотұрақтардың барлығы жекеменшік компаниядан әкімдіктің иелігіне өтетіні айтылды. Ендеше автотұрақтар мемлекет меншігіне өткеннен кейін халық қоғамдық жерлердегі автотұрақтарды тегін пайдалануға, сол жерге автокөліктерін қоюға мүмкіндік ала ма, жоқ па?», - деген сауалын төтесінен қойды депутат.  

Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев  2018 жылы әкімдікпен жеке компания құрылғанын, ал қазіргі таңда Астана қаласының әкімдігімен сол компаниямен арадағы келісімшартты бұзу туралы шешім қабылданғанын айтты. Әкімдік өкілі бұдан басқа мүлікті мемлекет тарапына өткізу жөніндегі жұмыстар жүргізіліп жатқанын қаперге берді.

«Әлеуметтік нысандардың қасындағы тұрақтар тегін. Басқа да бағытта қай автотұрақтар тегін болатынын қарастырудамыз», - деп жауап берді Ерсін Өтебаев.