Астанада жұмысшы мамандықтарын дәріптеу үшін қандай шаралар қабылданып жатыр
2025 жыл Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстанда Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланды. Осы мамандықтарды дәріптеу мақсатында елордада халықты жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу бойынша бірқатар іс-шара жоспарлануда. Бұл туралы коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыру және техникалық әрі кәсіптік білім беру жүйесін реформалауды жүзеге асыру, қоғамда еңбекқорлық пен кәсібилік идеясын ілгерілету мақсатында 2025 жыл Қазақстанда Жұмысшы мамандықтары жылы болып жарияланды.
«Жұмысшы мамандықтары жылы шеңберінде, соның ішінде халықты жұмыспен қамту саласы бойынша іс-шаралар жоспарланған. Жұмыссыз азаматтарды елорданың еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқыту қарастырылған. 8 мыңнан астам адамды JOLTAP жобасы аясында, оның ішінде 5 мыңнан астамын электр-газбен дәнекерлеуші, автомобиль жүргізушісі, ағаш ұстасы және жиһаз өндірісінің шебері, аспаз, шаштараз, тігінші, флорист, сәнгер-конструктор, аяқ киімді жөндеу және кілттер жасау, корпустық жиһаз жасау негіздері, май мен автошиналарды ауыстыру бойынша автомаман және басқа жұмыс мамандықтары бойынша оқыту ұйымдастырылады», - деді Илья Скуб.
Сонымен қатар елордада бос орындар жәрмеңкесі, оның ішінде түлектерді жұмысқа орналастыруға арналған іс-шаралар тұрақты негізде өткізілетін болады.
Қаланың 3 мыңнан астам оқушысын қамти отырып, жұмысшы мамандықтарын таңдау бойынша 9-11-сынып түлектерімен кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізу жалғасады.
Сондай-ақ елорданың өндірістік және коммерциялық нысандарында «Менің мамандығым» ашық есік күндері және бірқатар іс-шара ұйымдастырылады.
«Мақсат – жоғары сынып оқушыларына елорданың өндірістік және коммерциялық нысандарында сұранысқа ие жұмыс процестерімен және олардың ерекшеліктерімен танысудың бірегей мүмкіндігін беру. Бұл іс-шаралар жастардың әртүрлі мансап жолдары туралы түсініктерін қалыптастыруға, техникалық және коммерциялық мамандықтарға деген қызығушылығын арттыруға, сондай-ақ болашақ мамандықты таңдауда практикалық көмек көрсетуге бағытталған», - деді қалалық басқарма басшысы.
Айта кетсек, Қазақстанда қыркүйектің соңғы жексенбісінде аталып өтетін Еңбек күніне орай Астанада еңбек ардагерлері мен өндірістің озаттарын мамандықтар, салалар бойынша танымал ету үшін марапаттау үшін Еңбек форумы өткізіледі. Сондай-ақ «Үздік еңбек династиясы», «Өндірістің үздік жас қызметкері» және «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациялары бойынша «Еңбек жолы» конкурсы ұйымдастырылады.
«Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын», «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын», «Үздік ұжымдық шарт» номинациялары бойынша «Парыз» бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі байқауы ұйымдастырылады.