Тарихи мұралар мен музейлерге жаңа көзқарас қажет – депутат


Мәжіліс депутаты, Amanat партиясы фракциясының мүшесі Болат Керімбек ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаевқа жолдаған сауалында еліміздегі тарихи-мәдени мұраларды сақтау, музейлердің дамуы және балаларға арналған ғылыми орталық құру қажеттігі мәселесін көтерді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Ақбикеш мұнарасының» құлауы – еліміздегі тарихи нысандарды күтіп-баптау мен реставрациялау жүйесіндегі олқылықтарды көрсетті. Депутат барлық тарихи-мәдени ескерткіштерді түгендеп, олардың жай-күйін тексеруді ұсынды.
«Жалпы еліміздегі мұражайлардың концепциясын қайта қараған жөн. Олардың көпшілігі әлі Кеңестік кезеңдегі көзқарастан арылмаған. Қазіргі заман талабын ескеріп, осы саладағы әлемдік озық тәжірибелерді назарға алып, Қазақстан мұражайларының жаңа концепциясын тұжырымдау – маңызды іс», - деді ол.
Сонымен қатар елде балаларға арналған ғылыми-техникалық музейлер жоқ. Депутат STEAM білімін қамтитын Балалар ғылыми орталығын құруды ұсынып, «оның қаржыландыру көзі ретінде жер қойнауын пайдаланушылардан бөлінетін 1% кірісті пайдалануға болады» деп санайды.