Елордада «Гүлдер» ансамблінің гала-концерті өтеді

Бүгін, 10:54
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Елордада «Гүлдер» ансамблінің гала-концерті өтеді
Фото: «Қазақконцерт» ұйымынан

1 наурыз сағат 18:00-де Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының «Гүлдер» ансамблінің 55 жылдық мерейтойына арналған гала-концерті өтеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Концерт бағдарламасында арнайы әзірленген эксклюзивті аспаптық-хореографиялық қойылымдар мен жаңа хореографиялық композицияның тұсаукесері, авторлық әндер, танымал әртістермен ұтымды коллаборация және классикалық өнердің жаңа интерпретациясы ұсынылады. Сондай-ақ аңызға айналған әртістер мен жас таланттар бір сахнада өнер көрсетеді.

Іс-шараға Қазақстанның халық әртісі, қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Роза Рымбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айжан Нұрмағамбетова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Елшібаева, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Әлібек Әлмадиев және Әділхан Макин, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Мәди Рымбаев, Қуандық Шалқар мен Меруерт Бахыт, «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі, Astana musical мемлекеттік театры, TURAN этно-фольклорлық ансамблі, «Самға» тобы және Gulder ансамблі қатысады.

Белгілі әншілер Жанар Дұғалова, ARO және танымал қазақстандық қобызшы Олжас Құрманбек мерейтойлық концертте көрермендер үшін арнайы өнер көрсетеді.