Астанадағы Музыкалық жас көрермен театры VI маусымын ашты

Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры өзінің VI театр маусымының шымылдығын Мұхтар Әуезовтің «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасымен түрді. Маусымның ашылуына орай театр фойесінде қызыл кілеммен жүріп өту салтанаты өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Сахна төріне театр директоры, әрі көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров шығып:
«Қайырлы кеш, қадірменді театр сүйер қауым!
Бүгін Музыкалық жас көрермен театрының VI маусымын салтанатты түрде ашып отырмыз. Маусымның ашылуымен баршаңызды құттықтаймын. Театр кеңістігінде маусымның басталуы – ерекше сәт. Бұл жаңа мақсаттар мен шығармашылық серпіннің кезеңі. Қыркүйектің 19, 20, 21 күндері Қ.Қуанышбаев атындағы театр сахнасында Е.Аманшаевтың «Шәкәрім» музыкалық драмасын ұсынамыз. Сондай-ақ 6-12 қазан аралығында Әзербайжанның Баку қаласында Қанат Жүнісовтің «Әміре» моноспектаклімен гастрольдік сапарға аттанамыз. Театрымыздың актерлері жаз бойы демалыспен қатар, кино жобаларға да белсенді қатысты. Қыркүйек айынан бастап бұл туындылар экранға жол тартады. Театрдың өресін өсіретін көрермен – ол қойылымды терең түсініп, жүрегімен қабылдай алатын сіздер секілді жанашыр қауым. Бүгінгі қойылымда жас Абайды көресіздер. Оның суреткерлік әлеміне бірге саяхаттап қайтайық! Қош келдіңіздер!» – деді Асхат Максимұлы.
Сонымен қатар театр директоры өз сөзінде театрдың шығармашылық жоспарларымен қатар, қолдау білдіріп жүрген азаматтарға алғысын білдірді.
Маусымның шымылдығын түрген «Абай-Тоғжан» музыкалық драмасы – ұлы ақын Абайдың бозбала шағындағы алғашқы махаббаты, ішкі сезім әлемі мен поэзиясының бастауын бейнелейтін ерекше туынды. Қойылымда Абайдың Тоғжанға деген іңкәр сезімі арқылы өмірге, адамзатқа деген махаббаты көркем түрде суреттеледі. Ұлт құндылықтарын дәріптейтін спектакль балалар мен жасөспірімдердің рухани дүниесіне әсер ететін эстетикалық мазмұнмен ерекшеленеді.
Қойылым шығармашылық тобы:
Режиссері: Асхат Маемиров;
Инсценировка авторы: Мирас Әбіл;
Музыкалық кеңесші: Димаш Құдайберген;
Қоюшы суретші: Алма Сырбаева;
Композитор: Бауыржан Ақтаев;
Балетмейстер: Шырын Мұстафина;
Хормейстер: Ғалымжан Берекешев.
Алдағы уақытта Театр ұжымы жаңа маусымда да көрермендеріне тың туындылар ұсынып, сапалы мәдени жобалармен қуантуды мақсат етіп отыр.