Астанада ұлттық өнер мерекесі ұйымдастырылды
Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық ұйымының ұйымдастыруымен «Біздің жәрмеңке» ұлттық өнер мерекесі өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысты.
Қазақконцерттің «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығы көрермен назарына Қоянды, Көкжар, Қараөткел сынды тағылымы мол тарихи жәрмеңкелерді жаңғыртқан, дәстүрлі өнердің барлық тұстарын қамтыған жаңа форматтағы думанды кешін ұсынды.
Концертте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жанғали Жүзбай, Құмарбек Қалқатай, Ардақ Балажанова, Елмұра Жаңаберген, Айгүл Елшібаева, Раушан Оразбаева, Айзат Қарабекова, Нұрболат Арзамасұлы, мәдениет қайраткерлері Толғанбай Сембаев, Ерболат Шалдыбеков, мәдениет саласының үздігі Перизат Тұрарова, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаттары Асқар Мұқият, Күнсұлу Түрікпен, халықаралық байқаулардың лауреаттары Ақерке Тәжібаева, Дінисламбек Жайлаубай, Біржан Айтахметов, Алихан Дүйсенбай, Венера Табыс, Дария Бекпенбетова, Аяулым Қамажан өнер көрсетті. Бұған қоса, «Астана сазы» мемлекеттік фольклорлық ансамблі мен «Бірлік» би ансамблі өнерлерін ортаға салды.
Сахнаға бір мезетте шыққан барлық өнерпаздар нағыз өнер жәрмеңкесінің атмосферасын шебер жеткізе алды. Қазақконцерттің өнер майталмандары көрермен назарына ұлтымыздың әуелеген әсем әндерін, күмбірлеген күй мен жыр-жауһарларын, төл өнеріміздің үздік үлгілерін паш етті.