Астанада әлемге әйгілі композитор әрі пианист Стив Баракаттың концерті өтеді


Халықаралық әйелдер күніне орай «Астана Операда» әлемге әйгілі композитор әрі пианист Стив Баракатт өнер көрсетеді. Онымен бірге сахнаға 125 музыкант, вокалист және балет әртістері шығады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Осылайша, Стив Баракатт «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында өз туындыларын таныстырған алғашқы солтүстік америкалық композитор әрі пианист болмақ. Бұл өнер көрсету дирижер Элмар Бөрібаевтың басқаруындағы «Астана Опера» Симфониялық оркестрі, балалар хоры және балет труппасы қатысатын көпбейінді көркемдік әріптестікке айналады.
Néoréalité әлемдік турының аясындағы бағдарламада C.Баракаттың ең айтулы композициялары ұсынылады, оның ішінде Néoréalité, «Көкке самғаймын», «Отан», «Ливан қарағайлары», «Бесік жыры» (ЮНИСЕФ гимні) және оның жоғары бағаланған Ad Vitam Aeternam симфониясынан бірнеше бөлімдер бар. Осы өнер көрсету арқылы C.Баракатт терең эмоциялық және шабыт беретін тәжірибе жасап, бүкіл әлемдегі әйелдердің төзімділігіне, жасампаздығы мен қоғамға қосқан үлесіне құрметін білдіреді.
«Осындай маңызды оқиғаға орай беделді «Астана Опера» театрында өнер көрсету мен үшін зор мәртебе. Халықаралық әйелдер күні – бұл әйелдердің өмір сыйлаушы және келешек ұрпақты тәрбиелеуші ретіндегі рөлін қосқанда, олардың өмірдің барлық саласына сіңірген елеулі еңбегін құрметтейтін сәт. Музыканың арқасында біз шабыттандыратын және рухты көтеретін ұмытылмас тәжірибе ұсынамыз деген үміттеміз», - деді Стив Баракатт.
«Астана Опера» өз сахнасында Стив Баракаттың осынау айрықша өнер көрсетуін қуана қабылдайды. Оның музыкасы бүкіл әлем бойынша миллиондаған жанның жүрегін қозғайды, ал оның оркестр, хор және балет элементтерін бір концертте біріктіре алатын қабілеті көрермендеріміз үшін нағыз бірегей тәжірибе болмақ. Бұл оқиға – көркемдік кемелдік пен адамдарды біріктіруші музыка қуатының мерекесі», - деді «Астана Опера» директорының орынбасары Малика Төлегенова.
«Бұл концерттің деңгейі қарапайым өнер көрсетуден жоғары, ол күш пен мәдени дипломатия жайлы мәлімдеме. Стив Баракаттың музыкасы шекара дегенді білмейтін әмбебап эмоцияларды жеткізеді. Осынау айтулы оқиғаның бір бөлшегі болу және шығармашылығы түрлі буындардың тыңдармандарын шабыттандырып келе жатқан әртісті таныстыру – біз үшін үлкен абырой», - деді шараның бірлескен ұйымдастырушысы саналатын Rainbow Bridge Story Limited компаниясының стратегиялық әріптестік жөніндегі өкілі Асар Кадир.