Астанада күйші Нұрғиса Дәуешовтің шығармашылық кеші өтті

Астанада күйші Нұрғиса Дәуешовтің шығармашылық кеші өтті
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астанада Ә.Мәмбетов атындағы мемлекеттiк драма және комедия театрында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші Нұрғиса Дәуешовтің «Тиек» атты шығармашылық концерті өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Іс-шараға Мәжіліс депутаттары Бақтықожа Ізмұхамбетов, Абзал Құспан, Нартай Сәрсенғалиев, ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов, ақын Бауыржан Халиолла және астаналық өнерсүйер қауым қатысты.

Өнерлі отбасында дүниеге келгендіктен бүгінгі кеш иесінің есімі Нұрғиса Тілендиевтің құрметіне Нұрғиса деп қойылған екен. Сондықтан да болар күйші алдымен «Әлқисса» күйінен бастады.

Сондай-ақ Нұрғиса Дәуешов шығармашылық кеш барысында Құрманғазының «Аман бол шешем, аман бол», «Көкала ат», «Байжұма», «Төремұрат», Махамбеттің «Жұмыр қылыш», Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу», Тұяқберді Шамеловтің «Қали-Мәмен – күмбір күй» шығармаларын нақышына келтіре орындады. Кештің ерекшелігі – өнерпаз әр шығарманың тарихына тоқталып, көрерменге жеткізіп отырды.

Бүгінгі кездесу өзім үшін халыққа есеп беру деп ойлаймын. Оның себебі жастайымнан ата-анамның маған артқан үміті, ұстаздарымның сенімі болатын. Мен үшін елдің алдында есеп беру – сахнаның, күйдің, өнердің қияметін сезіну, келешектегі шығармашылық жұмысыма жүктейтін жауапкершілік деп білемін. Қазақтың күйлері мың жасасын, - деді күйші Нұрғиса Дәуешов.

«Қорқыт» этно ансамблі, Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының Камералық хоры концертте өз өнерлерін көрсетті.

Кешке Қырғызстаннан арнайы келген қырғыз мәдениет саласының үздігі Гүлшат Таалайбекова қомызымен күйден шашу шашып, көпшіліктің қошеметіне бөленді.

Ал Астана қаласы әкімдігі Музыкалық жас көрермен театрының актерлері Қ.Сариннің «Күй өлең» шығармасын орындаса, кеш авторының ұл-қыздары Дина Дәуешова мен Кемел Дәуешов те өнерлерін ортаға салды.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Батыржан Мықтыбаев, «Мәдениет саласының үздігі» Абай Қойшыбаев, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Дастан Есентеміров және Ернар Өмірәлі, құмды анимация өнерінің шебері Айжан Жаркешова жұртшылықтың ыстық ықыласына ие болды.

Бүгінгі концерт керемет өтті. Күйдің құдіретін сезініп, тамаша кешке куә болдық. Күйші Нұрғиса Дәуешовке шығармашылық табыс тілеймін, - дейді көрерменнің бірі Аида Қанатқызы.