Астанада ақын-сазгер Ерқожа Тілепбердиевтің шығармашылық кеші өтті

2 қыркүйек, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views84
Астанада ақын-сазгер Ерқожа Тілепбердиевтің шығармашылық кеші өтті
Фото: «Қазақконцерт» ұйымынан

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымында ақын-сазгер, мәдениет саласының үздігі, республикалық патриоттық әндер байқауларының бірнеше мәрте жүлдегері Ерқожа Тілепбердиевтің «Рух қанатында» атты шығармашылық кеші өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.   

Концерттік бағдарламада автордың көпшілікке беймәлім, әскери-патриоттық, классикалық, лирикалық және эстрадалық әндері шырқалды. Сондай-ақ Ерқожа Тілепбердиевтің өлеңдеріне ән жазған композиторлар мен оның әуендеріне сөз жазған ақындардың танымал туындылары орындалды.

Кеш барысында «Әскери керней», «Жұмақ мекен», «Жалғыз сәт», «Райымбек батыр», «Қазақстаным – Отаным менің», «Офицер мырзалар», «Елдің қорғаны», «Абылай хан» және т.б. әндер көрермен назарына ұсынылды.

Айта кетерлігі, бұл кеште алғаш рет «Қазақконцерт» әртістері мен ҚР Қарулы Күштері құрамындағы өнерпаздар бірлесіп өнер көрсетті.

Іс-шарада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Құрмаш Махан, Клара Төленбаева, Нұрболат Арзамас, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Әлібек Альмадиев, «Құрмет» орденінің иегері Айзада Капонова, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Айбек Әбдіашимов, Біржан Айтахмет, Айдос Саниязбек, Ибраһим Амин, сондай-ақ «Астана сазы» мемлекеттік фольклорлық ансамблі, «Гүлдер» және «Бірлік» ансамбльдері, Astana Musical мемлекеттік мюзикл театры, «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығының әртістері мен мәдениет майталмандары өнер көрсетті.

Сонымен қатар кешке ҚР Қорғаныс министрлігінің ҚР Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы, ҚР Ұлттық Ұланының ән-би ансамблінің солистері, «Ерлер» хоры және әскери оркестрі, ҚР Мемлекеттік күзет қызметі оркестрі, ҚР ҰҚК Шекарашылар қызметі ән-би ансамблінің және Ұлттық Дельфий ойындарының жеңімпаздары қатысты.