«Астана Балет» театрының XIII маусымы аншлагпен ашылды

Бүгін, 11:28
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
views58
«Астана Балет» театрының XIII маусымы аншлагпен ашылды
Фото: «Астана Балет» театрынан

«Астана Балет» театры ХІІІ театр маусымының шымылдығын «Бейбарыс сұлтан» балетімен ашты, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Бұл қойылымның театр репертуарында алар орны ерекше. Ауқымды әрі маңызды қойылымды тамашалауға келген дүйім жұрт ыстық ықыласын білдіріп, осының өзі жаңа шығармашылық жылдың қайнарына айналғандай әсер қалдырды.

Тарихи-драмалық қойылым көрермен қауымды ғаламат жетістіктер дәуіріне жетелеп әкетеді. Мұнда қолбасшы мен билеушінің тағдыры, болмысы тек ауқымды оқиғалар арқылы ғана емес, сонымен бірге адам баласына тән нәзік сезім иірімдері арқылы да ашылады. Ғаламат хореография, әсем музыка мен талғампаз сценография, осы үш таған – жауынгер, мемлекетшіл тұлға әрі байтақ даланың оғланы Бейбарыстың бейнесін сомдап, атмосфера тудырады. Спектакльдің лейтмотиві – кең дала мен жусанның кермек дәмін аңсаған кейіпкердің сағымдай сағынышы – көрермен жүрегін елжіретіп, қойылымды терең эмоционалды мазмұнмен толтырды.

Балетті көрнекті өнер шеберлері қойды: қоюшы-хореограф, театрдың бас балетмейстері Мукарам Авахри, композиторлар Хамит Шаңғалиев пен Әлібек Әлпиев, либретто авторы – ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Қайырбеков, суретші-сценограф Леонид Басин, костюм суретшісі Ася Соловьева және жарық суретшісі Арсения Сафиуллина. Спектакльдің музыкалық партитурадан бастап пластикалық шешімге дейінгі барлық сатысы өте мұқият ойластырылып, бұл көрермен қойылымның сол дәуірдің атмосферасына толығымен енуіне мүмкіндік берді.

Бас партияны орындаушыларға ерекше ықылас аударылды. Театрдың жетекші солисті Сүндет Сұлтанов сомдаған бейне көрермен ілтипатына бөленіп, ал Бейбарыстың рөлін сомдаған Ерқанат Ермағамбет көрерменді өзіндік қолтаңбасымен тәнті етті. Екеуінің өнері спектакль ажарын аша түсіп, жиналған қауым ыстық ықыласын аямай, ду қол шапалақтап, ілтипатын білдірді.

Маусымның ашылуы көрермен көкейінен шықты. Қойылымның әр сахнасына шынайы пейілін білдірген көрермен, соңында әртістерге құшақ-құшақ гүлдерін тарту етті.

«Біз жаңа маусымды «Бейбарыс сұлтан» сияқты жарқын жобамен ашқанымызға қуаныштымыз. Бұл балет театрдың ерекше мақтанышы. Бұл қойылымның көрермен көкейінен шыққанын көріп, мерейіміз тасыды. Алда ауқымды гастрольдер, премьералар мен жаңа жобалар күтіп тұр», - деді театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.

«Астана Балет» театрының ХІІІ театр маусымының шымылдығы аншлагпен ашылып, көрермен қауым ғана емес, әртістер де шабытқа бөленіп, биік өнердің ғаламатын сезіне алды. Алда осы тектес ұмытылмас жарқын кездесулер көп болары даусыз.