Елордада Ескендір Хасанғалиевті еске алуға арналған концерт өтті
Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы Үрлемелі оркестрдің XXI концерттік маусымының ашылуына орай, халық әртісі, әнші-композитор – Ескендір Хасанғалиевті еске алуға арналған «Сағындым сені» атты концерті өтті. Үрлемелі оркестрдің көркемдік жетекшісі – Никита Почиталин, бас дирижёрі – Дархан Рахымғалиев.
Аяулы жары Дарико Хасанғалиева мен ұлы Біржан Хасанғалиев кештің құрметті қонақтары болды. Концертте Үрлемелі оркестрмен бірге ҚР еңбек сіңірген әртісі – Майра Ильясова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Светлана Айтбаева, Сүндет Байғожин, Алтынай Жорабаева, Маржан Арапбаева, Арайлым Рахымқызы, халықаралық байқаулардың лауреаттары - Айдын Жұмабаев, Нұрбол Балапанов, Айгерім Ораз, Парасат Отан, Талғат Аллабиринов, Ақбота Кұснадин, Әкімхан Маженов, Мұратбек Хайролда, Нұрбол Балапанов, Бақдәулет Жақыпов, Аружан Қойшықара және «ALEM» эстрадалық би ансамблі, Ұлттық гвардияның «Құрмет» қарауыл ротасы өнер көрсетіп, көрермендерге керемет кеш сыйлады.
Әншінің жары Дарико Хасанғалиева концертті ұйымдастырған елорда әкімдігіне және Мемлекеттік академиялық филармониясына өзінің алғысын айтты.
«Атамекен», «Ескірмеген махаббат», «Әдемі-ау», «Туған жер», «Елігім – еркем» әндерімен халық жүрегінен орын алған дарынды композитор ел есінде мәңгіге қалмақ.