"Қойды сирағынан аспай ма?..": желіде мал союдың өзгеше түрі қызу талқыға түсті (ВИДЕО)
Видеода әлгі азамат қойды бауыздаған соң оның терісін сыпырып, ішек-қарнын ақтару үшін қойды мойнынан асып қойған.
“Ең дұрыс сойыс осы негізі. Басынан асып қойып сойғанда көк ет терімен бірге кетпей, таза сыпырылады. Одан соң ішек-қарын, өкпе-бауырды алғанға да қолайлы. Үлкен кісілердің бәрі солай сояды”, – дейді ол.
Мал союдың мұндай жаңа әдісін бұрын-соңды естіп-көрмеген желі қолданушылары әртүрлі пікір жазып жатыр.
Қойды сирағынан асып сояды деген пікірді жақтаушылардың бірі, Инстаграмдағы qazaq_orkeniet аккаунтының иесі өз уәжін түрік халқында бар “Her koyun kendi bacağından asılır”, яғни “Әрбір қой өз сирағынан асылады” деген сөзбен дәлелдейді.
Енді бір желі қолданушылары “Бүкіл қазақ қой союды білмейді де, осы қазақ қана қой союды біледі деген сөз бе бұл?”, “Қандастар келіп өз заңдарын шығарып жатыр”, “Малды дұрыс сою туралы ереже шығару керек”, “Аңқау елге арамза молда деген осы” деп ашу-реніштерін білдірсе, енді бір кісілер басу айтып, бұл әдіске де дұрыс көзбен қарап көруді ұсыныпты.
“Ағайын, мына кісінің тіліне, қолындағы бәкісіне қарағанда Қытайдан келген қазақ. Ал қойды жерде бауыздап, қанын ағызып жұлындап, тек терісін алып, тушасын мүшелеп бұзу үшін басынан асып қойған. Айтуынша, осылай теріні сыпырса көк ет терімен бірге кетпей таза сыпырылады деп тұр. Ішек-қарынды да жынын ағызбай аударып алуға ыңғайлы сияқты. Мәселе қалай бұзуда емес, мәселе қалай бауыздауда. Аллаху Акбар деп қаны толық шығып кететіндей етіп бауыздау – мұсылманға шарт. Ал шарт орындалған соң жерде бұза ма, сирағынан аса ма, басынан аса ма, ішін жармай үйітіп алып бұза ма – әркім өзі біледі”, – дейді Дастан Өміржантегі есімді оқырман.
1998 жылы «Сөздік-Словарь» баспасынан жарық көрген «Қазақ дәстүрлі мәдениетінің анықтамалығы» атты кітапта қазақтың қой сою дәстүріне қатысты негізгі талаптарды келтіріп өткен екен. Сонда:
“Бауыздалған қой екі түрлі тәсілмен сойылады. Бірі – төселген шыптаның үстінде жатқызып сою да, екіншісі артқы екі тілерсектен ағаш өткізіп іліп сою (кей жерде асып сою деп аталады)”, – деп жазылған.
Демек видеодағы сойыс шынымен де бұрын қазақтардың тәжірибесінде көп кездеспеген мал сою әдісінің бірі болып тұр.