Қазақша амандасқанды өте жақсы көремін – елордалық 10 жасар Мариам

Бүгін, 09:59
Айман Нығмет Айман Нығмет
views74
Қазақша амандасқанды өте жақсы көремін – елордалық 10 жасар Мариам
Фото: Мариамның жеке мұрағатынан, коллаж: Elordainfo.kz

5 қыркүйек – Қазақстан халқының тілдері күні. Бұл мереке еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің ана тіліне деген құрметін арттырып қана қоймай, мемлекеттік тілге деген ықыласты да танытатын ерекше күн. Бүгінде Қазақстанда әртүрлі ұлт өкілдері қазақ тілін меңгеріп, күнделікті өмірде еркін қолданып жүр. Солардың бірі - небәрі 10 жастағы елордалық Мариам. Ол өзге ұлт өкілі болса да, қазақ тілінде еркін сөйлеп, тілді құрметтеудің жарқын үлгісін көрсетіп жүр. Elordainfo.kz тілшісі Мариам Жбанковамен тілдесіп, оның қазақ тілін қалай меңгергені, күнделікті өмірде қалай қолданатыны және тілге деген көзқарасы туралы әңгімелесті.

Мариам қазіргі таңда 5-сыныпта оқиды. Ол қазақ тілін ең алғаш балабақшада жүрген кезде үйреніп бастаған.

«Анам мені балабақшадағы қазақтілді топқа берді. Алғашында қиын болғанымен, тәрбиешілер әрқашан қолдау көрсетіп, қазақ тілін меңгеруге барынша көмектесті. Олардың қамқорлығының арқасында мен біртіндеп тілді түсініп, өз ойымды еркін түрде қазақша жеткізе алатын деңгейге жеттім. Бүгінде анам екеуіміз сол тәрбиешілерге шын жүректен алғыс айтамыз», - дейді ол.

Елордалық оқушы қазақ тілін үйренуге үнемі талпынады.

«Мен қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білемін. Мектепте қазақ тілі сабағы ұнайды. Ол маған қызықты әрі пайдалы. Ал үйде Balapan арнасынан қазақша мультфильмдер көріп, қазақ тілін жақсартуға тырысамын. Сондай-ақ қазақша кітаптар оқығанды жақсы көремін, олар маған қазақша жаңа сөздер үйренуге мүмкіндік береді», - дейді ол.

Анасы  Елена Жбанкованың айтуынша,  Мариам аулада достарымен қазақша еркін сөйлеседі.

«Менің ойымша, қызым үшін қазақ тілін білу өмірде көп көмегін тигізіп жүр. Ол вокал сабағында қазақша әндерді оңай орындайды. Тіпті байқауларға  қатысып, бірінші орын алған кездері болды. Ол аулада балалармен және достарымен қазақша еркін сөйлеседі. Қызымның қазақ тілін білуі оның болашағына оң әсерін тигізеді деп ойлаймын. Мектепте қазақ тілі және ағылшын тілі пәндерінен үнемі жоғары баға алып келеді», - дейді Елена Жбанкова.

10 жасар Мариам қазақ тілінде сөйлей алатынына мақтанатынын айтты.

«Мен қазақша амандасқанды өте жақсы көремін, өйткені сол кезде ерекше көңілкүй пайда болады. Кейде қазақша кейбір сөздер есімде жақсы сақталып қалады. Қазақ тілін үйрену арқылы мен достарыммен жақсы сөйлесе аламын және өз елімнің мәдениетін жақсы түсінемін деп ойлаймын. Қазақ тілі мен үшін өте маңызды. Мен қазақ тілін білетініме мақтанамын», - дейді ол.

Мариамның туу туралы куәлігінде ұлты орыс деп көрсетілгенімен, оның әкесі грузин ұлтына жатады.

«Біздің отбасы көпұлтты деп айтсам болады. Кіші інім қазақ қызымен отбасы құрып, бүгінде олардың үш баласы бар. Менің әжемнің ұлты татар. Айтпақшы, Мариам деген есім көп ұлтта бар және оның мағынасы бәрінде бірдей.  Бұл есім Мария деген сөзден  шыққан, тек әр халық оны әртүрлі жазып жүр», - дейді Елена Жбанкова.

Қазақстан халқы тілдері күні - еліміздегі тіл бірлігінің, мәдени алуантүрліліктің және өзара құрметтің айқын көрінісі. Мариамның оқиғасы осы мерекенің мәнін айқындайды. Оның қазақ тілін үйреніп, құрметтеуі, өзге ұлт өкілі ретінде мемлекеттік тілге деген шынайы ықыласын көрсетуі Қазақстандағы татулық пен бірлік символын көрсетеді.