Атаулы әлеуметтік көмек алған 50 мыңнан астам отбасы кедейліктен құтылды


2024 жылы атаулы әлеуметтік көмек алған 50,9 мың отбасы мемлекеттік қолдау шараларының арқасында кедейлік жағдайынан шықты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Аталған кезеңде жалпы сомасы 39,5 млрд теңгеге 78,1 мың отбасындағы 413,7 мың адамға АӘК берілді.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірлік бөліністе АӘК алушылардың ең көп саны Түркістан облысында – 15,8 мың отбасы (20,3%), Шымкент қаласында – 8,8 мың отбасы (11,3%), Алматы облысында – 6,1 мың адам отбасы (7,8%), Қызылорда облысында – 6,4 мың отбасы (8,1%) болды.
АӘК алушылар ең аз өңірлердің ішінде Ұлытау облысы – 363 отбасы (0,5%), Атырау облысы – 840 отбасы (0,9%), Солтүстік Қазақстан облысы – 1,2 мың отбасы (1,5%).
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, АӘК алушылардың құрылымында басым көпшілігі балалардың үлесіне – 66,6% немесе 275,5 мың адам; жұмыс істейтін азаматтар – 17,8% немесе 59,8 мың адам; балаларды, қарттарды және мүгедектігі бар адамдарды күтетін адамдар – 12,2% немесе 50,3 мың адам; қалған 3,4% азаматтардың басқа санаттарына тиесілі.
АӘК-нің негізгі мақсаты – ақшалай төлемдер түріндегі қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.
АӘК мыналарды көздейді:
- табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;
- табысы аз отбасылардағы 1 жас пен 6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру.
- жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, оқуға жіберу және тағы басқалар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу..
Мысалы, Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласының тұрғыны Нұргүл Дуанова мемлекеттік қолдау шаралары аясында оқудан өтіп, мамандық алып, табысты жұмысқа орналасты. Нәтижесінде Нұргүлдің сүйікті ісі табыс әкелетін жұмысқа айналды.
«Біздің үлкен отбасымыз 2020-2024 жылдар аралығында атаулы әлеуметтік көмек алушы болған еді. Содан кейін мен «кондитер» мамандығы бойынша кәсіптік оқыту курстарынан өттім. Оқуды аяқтағаннан кейін 2024 жылдың тамыз айында мен кондитерлік цехқа жұмысқа тұрдым, онда осы күнге дейін жұмыс істеймін», – деді Нұргүл Дуанова.
Айта кетейік, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап АӘК-ке үміткер отбасылардың материалдық жағдайын тексеруді жүзеге асыратын учаскелік комиссиялардың қызметін цифрландыру үшін мобильді қосымша енгізілді. Бұл шара әлеуметтік көмек тағайындау туралы шешім шығару кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, сондай-ақ өтініш берушінің тұрғылықты жерін анықтауға және оның материалдық жағдайын суретке түсіруге бағытталған.



