Референдум-2026

Қазақстанда жалпыұлттық кітап оқу жобасы іске қосылады

Қазақстанда жалпыұлттық кітап оқу жобасы іске қосылады
Фото: Нұрдәулет Кәкіш

Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамыту жөніндегі бастамасы аясында Қазақстанда жалпыұлттық кітап оқу жобасы іске қосылады, деп хабарлайды Elordainfo.kz

Бұл туралы Ұлттық академиялық кітапханада өткен «Зерделі ұлт болмысы» атты дөңгелек үстелде Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет мәлімдеді.

Оның айтуынша, Президент тапсырмасына сәйкес жобаның ережесі әзірленіп, Үкіметтің қарауына жолданған.

Жоба мектеп оқушыларын, жастарды және ересектерді қамтиды. Қатысушылар әр 20 күн сайын бір кітап оқып, арнайы цифрлық платформа арқылы тест тапсырады.

Әр ай сайын үздік 100 оқырман марапатталады. Ал барлық кезеңнің қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен қатысушыларға қомақты ақшалай сыйақы беру жоспарланып отыр.

Сондай-ақ министрлік зиялы қауым өкілдеріне үш жас санатына арналған ең үздік 15 кітаптың тізімін әзірлеуді ұсынды.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Ұлттық академиялық кітапханада өткен «Зерделі ұлт болмысы» атты дөңгелек үстел өткенін жазған болатынбыз.