«Қазақконцерт» сахнасында «Алдар көсе» мюзиклі қойылды

Бүгін, 17:41
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
«Қазақконцерт» сахнасында «Алдар көсе» мюзиклі қойылды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының сахнасында «Astana Musical» мемлекеттік театрының «Алдар көсе» мюзиклі қойылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап. 

Алдар көсенің хикаясы мюзиклде жаңаша өрбиді. Қойылымда ұлттық дәстүр, тапқыр әзіл, әсем ән мен көркем би қатар үйлесім тапқан.

Мюзикл режиссері – Есләм Нұртазин, композиторлары – Ербол Нариманұлы мен Ақжол Өмірзақов. Қойылымды Ефрат Шәріпов, Шыңғыс Маман, Есләм Нұртазин және Әннас Бағдат жазған.

Жаңаша сипаттағы қойылымда Алдар көсе ән айтып, би билеумен қатар, рэп те орындайды. Кейіпкер ақылы мен тапқырлығының арқасында түрлі сынақтан өтіп, әділетсіздікке қарсы тұра білді. 

Ұлттық нақышта безендірілген сахнада заманауи үлгідегі жарық қойылды. Сонымен бірге өнерпаздар көркем костюмдерде өнер көрсетті.

Бәйтерек, тайқазан, алып, айдаһар бейнелері, музыкалық нөмірлер мен «Қара жорға» биі оқиғаның мазмұнын толықтыра түсті.

Мюзикл қазақ фольклорын жас ұрпаққа кеңінен танытуға бағытталған. Заманауи сахна өнері мен ұлттық мұра ұштасқан қойылым жас буынның мәдениетке қызығушылығын арттыруды көздейді.