Қазақстан мен Германия техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтпек. Бұл туралы екі елдің министрлері арасындағы кездесу барысында айтылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстанның Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Германияның Білім, отбасы, қарттар, әйелдер және жастар істері жөніндегі федералдық министрі Карин Принмен кездесіп, кәсіптік білім беруді дамыту бағыттарын талқылады.

Кездесу қорытындысында тараптар техникалық және кәсіптік білім беру мен оқыту саласындағы ынтымақтастық ниеттері туралы бірлескен декларацияға қол қойды.
Кездесуде дуалды оқытуды дамыту, педагогтер мен студенттерге тағылымдамалар ұйымдастыру және екі ел колледждері арасында тәжірибе алмасу мәселелері қаралды.

Мамандарды еңбек нарығының сұранысына сай даярлау үшін жұмыс берушілермен байланысты күшейтуге де ерекше мән берілді.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қазақстан-Германия бизнес-форумында Германияның дуалды білім беру жүйесін атап өтіп, ірі инвестициялық жобалармен тікелей байланысты Қазақстан-Германия өнеркәсіптік құзыреттер орталықтарының желісін құруды ұсынған болатын.
Қазақстанның кәсіптік білім беру ұйымдары Германия компанияларымен ынтымақтастықты бұған дейін де жолға қойған.
Мәселен, Алматы құрылыс-техникалық колледжі GROHE, KNAUF және BOSCH компанияларымен бірнеше жылдан бері бірлесіп жұмыс істеп келеді. Колледж базасында заманауи құзыреттер орталықтары жұмыс істейді.
Ал KNAUF компаниясымен 20 жылдан астам уақытқа созылған әріптестік аясында 2 мыңнан астам студент білім алған.
Сонымен қатар тараптар кәсіптік білім беруді цифрландыру және жасанды интеллектіні қолдану мәселелерін талқылады.
Қол қойылған декларация бірлескен жобаларды кеңейтуге, сондай-ақ колледж студенттері мен педагогтерінің кәсіби дамуына жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған.

Бұған дейін Астанада Joltap жобасы бойынша оқудан өткен 13 мың адам тұрақты жұмыс орындарына орналасқанын жаздық.