Бір жылда арнайы порталға 705 мыңнан астам майдангер туралы дерек жинақталды
«Батырларға тағзым» порталы Жеңіске өлшеусіз үлес қосқан қазақстандықтардың ерлігі туралы ұрпаққа құнды ақпаратты жеткізуге бағытталған, деп хабарлайды Elordainfo.kz Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме жасап.
Қазіргі таңда сайтта 705 488 ардагер туралы дерек бар. Оның ішінде 365-і Кеңес одағының батыры, 4-уі екі мәрте Кеңес одағының батыры және 19 «Даңқ» орденінің кавалері.
Ақпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің архиві мен Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің орталық архивінен алынған деректер негізінде енгізіледі.
Порталда тегі, аты, әкесінің аты бойынша іздеу мүмкіндігі қарастырылған. Сондай-ақ туған күні мен жері, әскерге шақырылған уақыты мен орны және басқа да мәліметтер қамтылған.
Бұдан бөлек, портал қолданушылары ардагер туысы туралы деректі толықтырып, суреттер мен соғыс жылдарындағы құжаттарды, жеке естеліктерін жүктей алады.
Порталды толықтыру мәселелері бойынша 8 (7172) 44-62-78 (ішкі 150) нөміріне хабарласуға болады.
Еске сала кетсек, Астанада Отан қорғаушылар күні әскери қызметті насихаттауға және патриоттық құндылықтарды нығайтуға бағытталған бірқатар мазмұнды іс-шара ұйымдастырылады.