Астанада ұстаз мәртебесін дәріптеген «USTAZ RUN 2026» марафоны өтті

Астанада ұстаз мәртебесін дәріптеген «USTAZ RUN 2026» марафоны өтті
Фото: ұйымдастырушылар

Астанада Ұстаздар күніне орай «USTAZ RUN 2026» бұқаралық спорттық және қайырымдылық марафоны өтті. Триатлон паркінде ұйымдастырылған іс-шараға 1200-ден астам ұстаз, ата-ана, студент және жүгіру әуесқойы қатысты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Марафонды «Білім Мүмкіндігі» (BM) ұстаздар қауымдастығы мен BINOM SCHOOL мектептер желісі бірлесіп ұйымдастырды.

Қатысушылар 3, 5 және 10 шақырымдық қашықтықтар бойынша жүгірді. Іс-шараға 50-ден астам студент-волонтер қолдау көрсетті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, марафонның мақсаты – қоғамдағы ұстаз мәртебесін арттыру, педагогтер мен ата-аналар арасындағы ынтымақтастықты нығайту және салауатты өмір салтын насихаттау.

Сонымен қатар іс-шара мұғалімдердің эмоционалдық күйзелісінің алдын алуға және дене белсенділігін арттыруға бағытталды.

«USTAZ RUN 2026» аясында қатысушылар спортпен айналысып қана қоймай, ұстаз еңбегін қолдау және қоғамдағы білім беру саласының маңызын дәріптеу идеясын ортаға салды.

Бұған дейін Астанада ұстаздар арасында волейбол турнирі өткенін хабарладық.