HackAlem AI әлемдік рекорд орнатып, Қазақстанға Guinness сертификаты табысталды

HackAlem AI әлемдік рекорд орнатып, Қазақстанға Guinness сертификаты табысталды
Фото: Astana Hub

Қазақстанда өткен HackAlem AI хакатоны AI-хакатонға қатысушылар саны бойынша әлемдік рекорд орнатты. AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы аясында Қазақстанға GUINNESS WORLD RECORDS сертификаты табысталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Astana Hub баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сертификатты GUINNESS WORLD RECORDS ресми төрешісі Гленн Поллард ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиевке табыстады.

Марапаттау рәсімі AI-экономиканы дамытуға қажетті инфрақұрылым, инвестиция, адами капитал және халықаралық серіктестік мәселелері талқыланған The New Economy: Powered by AI панельдік сессиясында өтті.

«Бұл рекордты орнату – елеулі жетістік. Мен 14 жыл бойы Guinness World Records ресми төрешісі ретінде көптеген рекордтың куәсі болдым. HackAlem AI хакатонын өткізу үшін атқарылған ауқымды жұмысты, жоғары деңгейдегі жоспарлау мен дайындықты өз көзіммен көрдім. Бұл нәтиже Қазақстанның білім беру, технология және инновация салаларындағы ілгерілеуімен қатар, елдің әлемдік технологиялық аренада өз орнын айқын көрсете бастағанын аңғартады», – деді Гленн Поллард.

HackAlem AI бұған дейінгі әлемдік рекордтан асып түсті. 2025 жылғы 21 желтоқсанда Үндістанның Хайдарабад қаласында Google for Developers және Google Developer Groups Hyderabad ұйымдастырған хакатонға 2 089 адам қатысқан болатын.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиевтің айтуынша, жаңа рекорд Қазақстанның технологиялық қауымдастығы үшін маңызды нәтижелердің бірі.

«GUINNESS WORLD RECORDS әлемдік рекордын орнату – Қазақстанның бүкіл технологиялық қауымдастығының жетістігі әрі еліміздің жоғары әлеуетін көрсетеді. HackAlem AI мыңдаған дарынды әзірлеушіні, студентті және жас маманды біріктіріп, олар экономикадағы нақты мәселелерді озық технологиялар арқылы шешуге жұмыс істеді. Ендігі маңызды міндет – осы жобаларды идея мен прототип деңгейінен пилоттық жобаға, кейін нақты қолданысқа дейін жеткізу», – деді министр.

Хакатон қатысушылары энергетика, қаржы, мемлекеттік басқару, телекоммуникация, логистика, креативті индустрия, білім беру, инновациялар, коммуникациялар және сауда бағыттары бойынша жобалар әзірледі.

Әлемдік рекордты тіркеу кезінде GUINNESS WORLD RECORDS талаптары сақталды. Қатысушылар тіркеу және сәйкестендіру рәсімінен өтті. Кіру және шығу деректері жеке бейдждерді сканерлеу арқылы тіркеліп, әр секторда белгіленген талаптардың орындалуын стюардтар бақылаған.

Қорытынды есепке хакатон талаптарын орындап, іс-шара барысында жобалармен тікелей жұмыс істеген қатысушылар ғана енгізілді.

Astana Hub бас директоры Мағжан Мадиевтің айтуынша, рекорд HackAlem AI шарасының ауқымын ғана емес, Қазақстандағы технологиялық қауымдастықтың әлеуетін де көрсетеді.

«Бұл рекорд HackAlem AI шарасының ауқымын ғана емес, Қазақстанда және жалпы өңірде мықты технологиялық қауымдастық пен жаңа буын таланттарының қалыптасқанын көрсетеді. Біз олар үшін жаһандық технологияларға, білім мен серіктестікке қолжетімділікті кеңейтіп, идеялардың бәсекеге қабілетті өнімге айналып, әлемдік нарыққа шығуына мүмкіндік жасауды көздейміз», – деді Мағжан Мадиев.

HackAlem AI жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, киберқауіпсіздік және технологиялық құзыреттерді дамытуға арналған AI Month іс-шаралар сериясының басталуына негіз болды.

Іс-шара ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, Astana Hub халықаралық инновациялық кластері, Silkroad Innovation Hub, Blockchain & AI Technology Center (BAITC) және басқа да серіктестердің қатысуымен ұйымдастырылды.

AI & Digital Bridge 2026 Қазақстандағы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы AI Month іс-шаралар айының негізгі халықаралық шарасы болды. Форумды Astana Hub ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен және Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырды.

Бұған дейін Кай-Фу Ли қазақстандық ЖИ мамандары мен кәсіпкерлеріне ментор болатынын жаздық.