Әмір Маймұратов Азия Олимпиадалық кеңесі Спортшылар комиссиясының мүшесі болып сайланды

Әмір Маймұратов Азия Олимпиадалық кеңесі Спортшылар комиссиясының мүшесі болып сайланды
Фото: ҰОК

Қазақстандық спорттық құзға өрмелеуші Әмір Маймұратов Аичи-Нагоя-2026 XX жазғы Азия ойындары аясында өткен дауыс беру қорытындысы бойынша Азия Олимпиадалық кеңесі (АОК) Спортшылар комиссиясының құрамына кірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҰОК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әмір Маймұратов комиссияда Орталық Азияның атынан өкілдік етеді. Бұл орынға Иран спортшысы Ариан Салими мен Өзбекстан өкілі Жасурбек Жайсунов та үміткер болды.

Спортшылар комиссиясының құрамына Шығыс Азия атынан Наото Тобэ, Батыс Азия атынан Риим әл-Шаршани, ал Оңтүстік-Шығыс Азия атынан Таньялак Чотфибунсин кірді.

Дауыс беру 20 қыркүйек пен 2 қазан аралығында өтті. Оған тек Аичи-Нагоя-2026 Азия ойындарына қатысқан спортшылар ғана дауыс бере алды. Әр спортшы әр аймақтан бір үміткерге дауыс беруге құқылы болды.

Айта кетейік, Әмір Маймұратов 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарында «жылдамдық» дисциплинасы бойынша бесінші орынға ие болды. Сондай-ақ оның еншісінде Әлем кубогі кезеңдері мен Азия чемпионатындағы жүлделі орындар бар.

АОК Спортшылар комиссиясы спортшылардың мүддесін қорғап, олардың ұйым қабылдайтын шешімдерге қатысуына мүмкіндік береді. Комиссия мүшелері спортшылар мен АОК басшылығы арасындағы байланысты қамтамасыз етіп, жарыстарды ұйымдастыру, допингке қарсы саясат, медициналық көмек және логистика мәселелеріне қатысты атлеттердің пікірін жеткізеді.