AI & Digital Bridge 2026: Өңірлердегі IT-таланттарға жаңа мүмкіндіктер талқыланды

AI & Digital Bridge 2026: Өңірлердегі IT-таланттарға жаңа мүмкіндіктер талқыланды
Фото: Astana Hub

AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумы аясында Қазақстан өңірлеріндегі цифрлық экожүйені дамыту және IT-таланттарға жаңа мүмкіндіктер ашу мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Astana Hub баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Дөңгелек үстелде өңірлік IT-хабтарды дамыту, цифрлық білімге қолжетімділікті кеңейту, Smart City жобаларын іске асыру және технологиялық бастамаларды ауқымдау мәселелері қаралды.

ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Цифрлық активтер және озық технологиялар комитетінің төрағасы Жолдас Сахановтың айтуынша, өңірлердегі цифрлық экожүйені дамыту тек инфрақұрылым құрумен шектелмеуі керек.

«Цифрлық экожүйені дамыту – тек инфрақұрылым құру емес, кез келген қала тұрғыны білім алып, технологиялық шешімдер жасап, өз жобасын дамытуға мүмкіндік алатын орта қалыптастыру. Сондықтан бүкіл ел бойынша IT-хабтарды, білім беру бастамаларын және жергілікті жерлердегі практикалық цифрлық жобаларды қатар дамыту маңызды», – деді Жолдас Саханов.

Astana Hub мәліметінше, 2023 жылдан бері өңірлік IT-хабтар базасында 5 700-ден астам воркшоп, митап, хакатон, шеберлік сабағы, инкубациялық бағдарлама және Pizza Pitch ұйымдастырылған. Оларға 90 мыңнан астам адам қатысты.

Astana Hub өңірлік даму офисінің директоры Нұржан Сағындықтың айтуынша, мұндай бастамалар талантты жастарға өз қаласында білім алып, технологиялық жобаларын іске қосуға және кәсіби орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

«Біздің мақсатымыз – өңірлерде талантты адамдар білім алып, пікірлес адамдарын тауып, технологиялық жобаларын іске қосып, елордаға немесе басқа қалаға көшпей-ақ мансабын дамытуға мүмкіндік беретін орта қалыптастыру. Сапалы білімге, кәсіби ортаға және даму мүмкіндіктеріне қолжетімділік өңірлердің әлеуетін ашуға жол береді», – деді ол.

2025 жылы Қазақстанның барлық 16 өңірінде алғаш рет Startup Orda өңірлік инкубациялық бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама стартаптарын енді бастап жатқан кәсіпкерлердің технологиялық және кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға бағытталған. Оның қорытындысы бойынша 205 қатысушы оқуды сәтті аяқтады.

2026 жылы жоба Startup Orda 2.0 форматында жалғасып, оған 450-ден астам адам қатысты. Сонымен қатар Astana Hub пен Blockchain and AI Technology Center (BAITC) зерттеу орталығы бірлесіп, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің қолдауымен Decentrathon республикалық хакатонын ұйымдастырды.

Дөңгелек үстелде өңірлердегі Smart City жобалары да таныстырылды. Қатысушылар қалалық инфрақұрылымның тиімділігін арттыруға, сондай-ақ мемлекеттік және муниципалдық қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған цифрлық шешімдерді талқылады.

Ақмола облысының цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Мағжан Ержанның айтуынша, өңірде Smart City тұжырымдамасы Smart Region моделінің бір бөлігі ретінде қарастырылады.

«Әңгіме жекелеген цифрлық сервистерді, камераларды немесе мониторинг жүйелерін енгізумен ғана шектелмейді. Біздің мақсатымыз – деректер, талдау және жасанды интеллект проблемаларды дер кезінде анықтап, басқарушылық шешімдер қабылдауға және олардың орындалуын бақылауға көмектесетін бірыңғай цифрлық орта қалыптастыру», – деді Мағжан Ержан.

Кездесуде Қазақстандағы алғашқы peer-to-peer форматындағы жасанды интеллект және бағдарламалау мектебі – Tomorrow School жобасының нәтижелері де айтылды.

Жобаны ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Astana Hub халықаралық инновациялық кластері, Alem.ai Foundation корпоративтік қоры өңір әкімдіктерімен бірлесіп жүзеге асырып келеді. Оқу тегін және бағдарламалау бойынша алдын ала тәжірибені талап етпейді.

Бағдарлама өңірлерде ауқымдала бастағаннан бері 6 мыңнан астам өтінім түскен. Қазір 13 өңірде кампустар жұмыс істейді. Олар жергілікті IT-хабтармен, жоғары оқу орындарымен және колледждермен бірлесіп, хакатондар, ашық есік күндері мен жасанды интеллект және бағдарламалау бойынша практикалық воркшоптар өткізеді.

«Өңірлік желінің басты міндеті – мықты IT-білім алу үшін талантты жастардың Астанаға немесе Алматыға көшу қажеттілігін азайту. Біз дипломға немесе бұрынғы тәжірибеге емес, адамның білім алуға қабілетіне назар аударамыз. Бағдарламалау саласында бұрын тәжірибесі болмаған адам оқудан өтіп, жұмысқа орналасуға қажетті деңгейге жете алады», – деді Tomorrow School жобасының жетекшісі Олжас Уразалин.

Сонымен қатар дөңгелек үстелде TUMO Astana орталығының жұмысы таныстырылды. 12-18 жастағы жасөспірімдерге арналған қосымша білім беру бағдарламасы толықтай тегін және оған қатысу үшін арнайы талаптар қойылмайды.

Оқушылар генеративті ЖИ, бағдарламалау, робототехника, анимация, цифрлық музыка, кино өндірісі және басқа да цифрлық шығармашылық бағыттарды қамтитын 11 бағыт бойынша білім алады.

Орталықта осы уақытқа дейін 4 886 адам тіркеліп, бүгінде 2 200-ден астам оқушы тұрақты түрде білім алып жүр.

«TUMO Astana – әр баланың өз қабілеті мен қызығушылығын ашуға мүмкіндік беретін кеңістік. Баланың қай жерде тұратынына қарамастан, заманауи технологиялармен тәжірибе жасап, өз жобаларын әзірлеуіне жағдай жасау маңызды. Алдағы уақытта TUMO Astana моделін Қазақстанның басқа қалаларына да ауқымдауды жоспарлап отырмыз», – деді TUMO Astana офисінің басшысы Айнұр Қуанышбаева.

Айта кетейік, 12 қазанда TUMO Astana-ның төртінші легі басталады. Оған 450-ден астам жаңа оқушы қосылып, технология және цифрлық шығармашылық бағыттары бойынша білім ала алады.

AI & Digital Bridge 2026 Қазақстандағы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы AI MONTH іс-шаралар айының негізгі халықаралық шараларының бірі болды. Айлық жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, кәсіпкерлік және адами капиталды дамыту бағытындағы бастамаларды біріктірді.

AI & Digital Bridge 2026 форумын Astana Hub халықаралық инновациялық кластері ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігімен және Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырды. Форум серіктестердің демеушілік қаражаты есебінен өткізілді.