Ішкі істер министрлігінде «Назар аударыңыз – балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысы шығарылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Назар аударыңыз – балалар!» атты республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасын қорытындылай келе, ата-аналардың назарын балалардың түнде ересектердің еріп жүруінсіз болу фактілеріне аударғым келеді. Іс-шара барысында 25 мыңнан астам кәмелетке толмаған анықталды. Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, білім беру ұйымдарына іргелес аумақтардағы жол инфрақұрылымын реттеу бойынша жұмыс жүргізілді. Тексеру нәтижесінде үш мыңға жуық ұйғарым шығарылды. Оларды жою бойынша тиісті шаралар қабылданып жатыр. Заңды талаптарды орындамағаны үшін 40-тан астам лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар балаларды тасымалдауды жүзеге асыратын автокөлік құралдарының техникалық жағдайы тексеріліп, білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді», – деді ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Асхат Дюсембеков.
Оның айтуынша, білім беру ұйымдарының әкімшіліктерімен бірлесіп, оқушылар үшін қауіпсіз орта құру мақсатында нысандарды техникалық нығайту жұмыстары жалғасып жатыр.
«Іс-шара аясында халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, балалардың қауіпсіздігіне ең алдымен ата-аналардың жауапты екенін тағы да еске саламыз. Балалардың мінез-құлқын, эмоционалдық жағдайын күнделікті бақылау және алғашқы белгілер байқалған кезде полиция органдарына дереу хабарлау маңызды. Оқу орындарында, көшелер мен жолдарда балалардың қауіпсіздігі бойынша профилактикалық жұмыстар жалғасуда», – деді Асхат Дюсембеков.