Астанада жасанды интеллект көмегімен фильм жасауға арналған Astana AI Film Festival 2026 халықаралық фестивалі аяқталды. Байқауға әлемнің 125 елінен 8 067 өтінім түскен, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Фестиваль 1-3 қазан аралығында AI Month аясында өтті. Бағдарламаға байқау фильмдерінің көрсетілімдері, іскерлік кездесулер және кино мен креативті индустрия өкілдерінің қатысуымен панельдік пікірталастар кірді.
Байқауға түскен жұмыстардың ішінен халықаралық қазылар алқасы 25 фильмді финалдық бағдарламаға іріктеді. Қазылар құрамында ЮНЕСКО-ның бұрынғы бас директоры әрі Францияның бұрынғы мәдениет министрі Одри Азуле, China Film Group жанындағы Жасанды интеллект зерттеулері институтының деканы Ма Пин, Бейжің киноакадемиясы Анимация факультеті деканының орынбасары Ван Хао, кәсіпкер әрі инвестор Баладжи Сринивасан және BytePlus компаниясының Таяу Шығыс, Африка, Үндістан, Түркия және ТМД елдері бойынша бас менеджері Ли Лонг болды.
Фестивальдің бес арнайы номинациясы бойынша жеңімпаздар анықталды. Олардың қатарында Қазақстан, Қытай, Италия және АҚШ авторлары бар.

Арнайы номинациялар жеңімпаздары:
– Best Character – Myrzakhan Zhumakhan, «IT WAS JUST A JOKE» (Қазақстан);
– Best Story – 2xLabs, «The Last Span» (Қытай);
– Best Visual – Jacopo Zanetti, «What's the Job?» (Италия);
– Best Direction – Jacopo Reale, «The Fracture» (Италия);
– Best Concept – Zachary London, «Pomegranate» (АҚШ).
Фестивальдің тең құрылтайшысы әрі AAIFF креативті директоры Айзат Кусаиновтың айтуынша, байқау жасанды интеллекттің өзінен гөрі оны авторлардың шығармашылық құралы ретінде қалай пайдаланатынын көрсетуімен ерекшеленді.
«Бүгінде AI-кино саласындағы ең қызықты нәрсе – технологияның өзі емес, авторлардың оның көмегімен жасап жатқан дүниесі. Фестиваль аясында ерекше визуалды шешімдерден бастап, оқиға баяндаудың жаңа тәсілдеріне дейінгі бір-біріне ұқсамайтын жұмыстарды көрдік. Жұмыстардың ауқымы мен сапасына қарап, AI-кино әлемдік киноиндустрияның дербес бағытына айналып келе жатқанын көріп отырмыз», – деді Айзат Кусаинов.

Ал The Future Worth Living In («Өмір сүруге лайықты болашақ») негізгі тақырыптық бағдарламасына 10 фильм енді. Оның ішінде Испания, Үндістан, Латвия және басқа елдер авторларының жұмыстары ұсынылды.
Негізгі байқау қорытындысы бойынша үшінші орынды Испания атынан қатысқан Ernest Desumbila-ның «Looking For Perseida» фильмі иеленді. Оған $100 мың жүлде берілді.
Екінші орын мен $200 мың жүлде Үндістан өкілі Abhik Banerjee-нің «SITARA» фильміне бұйырды.
Ал фестивальдің Гран-приі мен $450 мың жүлдені Латвиядан келген Nikolay Shestak «The First Honest Day» фильмімен жеңіп алды.
«Шамамен төрт жыл бұрын режиссурамен айналыса бастадым, ал екі жыл бұрын AI көмегімен фильмдер жасай бастадым. Шынымды айтсам, жеңіске жетемін деп күтпедім – мұнда керемет жұмыстар мен түрлі жанрлар өте көп болды. Бұл жеңіске өте қуаныштымын. Алынған жүлдені жаңа фильмдер жасауға инвестициялап, жобаларымды әрі қарай дамытқым келеді», – деді фестивальдің Гран-при иегері Николай Шестак.
Фестивальдің тең құрылтайшысы әрі AAIFF басқарма төрағасы Алмас Жали алғашқы Astana AI Film Festival халықаралық деңгейде AI-киноға деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсеткенін атап өтті.
«Мұндай халықаралық фестивальдің дәл Қазақстанда өтуі ерекше маңызды. Біз Астананың әлемнің түкпір-түкпірінен киноиндустрия, технология және креативті индустрия өкілдері тоғысатын орталықтардың біріне айналуын қалаймыз. Алғашқы фестиваль бізге жақсы серпін берді. Ендігі міндетіміз – жобаны одан әрі дамыту, халықаралық қатысушылар қауымдастығын кеңейту және кино мен жасанды интеллект тоғысында жұмыс істейтін авторлар үшін жаңа мүмкіндіктер жасау», – деді Алмас Жали.
Astana AI Film Festival-дің жалпы жүлде және инвестициялық қоры $2 млн құрайды. Оның $1 млн-ын Freedom Holding Corp. жанындағы Freedom Шапағат корпоративтік қоры жүлде қоры ретінде ұсынды. Тағы $1 млн перспективалы AI-командаларға инвестиция ретінде қарастырылған.
2 және 3 қазанда фестиваль финалистерінің фильмдері MEGA Silk Way сауда-ойын-сауық орталығындағы Chaplin кинотеатрында үлкен экранда көрсетілді.
Astana AI Film Festival 2026 кино, жасанды интеллект және креативті индустрия өкілдерінің басын қосып, жаңа технологияларды шығармашылықта қолдану, AI-киноның болашағы және жаңа мүмкіндіктерді талқылауға арналған халықаралық алаң қалыптастырды.
Бұған дейін HackAlem AI әлемдік рекорд орнатып, Қазақстанға Guinness сертификаты табысталғанын жаздық.