Астанада 20-23 қазан күндері құқық бұзушылықтардың алдын алуға, заңсыз әрекеттердің жолын кесуге және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр, деп хабарлайды Elordainfo.kz қалалық Полиция департаментіне сілтеме жасап.
Іс-шара аясында полицейлер көшелер мен аулаларды патрульдеуді күшейтіп, рейдтер жүргізіп, адам көп жиналатын орындарды тексеріп жатыр.
Профилактикалық және бақылау есебінде тұрған азаматтардың тұрғылықты мекенжайларын тексеруге, сондай-ақ құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, жолын кесуге ерекше назар аударылып отыр.
Жүргізіліп жатқан шаралардың басты мақсаты – құқық бұзушылықтарды анықтап қана қоймай, олардың алдын алу, азаматтардың қауіпсіздігі мен қоғамдық орындардағы тыныштықты сақтау. Профилактикалық жұмыс заңға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға және заңсыз әрекеттерге жол бермеуге бағытталған.
Елорда полициясы тұрғындар мен қала қонақтарын қоғамдық тәртіпті сақтауға, айналасындағылардың құқықтары мен заңды мүдделерін құрметтеуге, арандатуға ермеуге және құқықтық жауапкершілікке әкелуі мүмкін әрекеттерге бармауға шақырады.
«Қоғамдық тәртіп әрқайсымыздан басталатынын ұмытпаңыз. Заң бұзушылықтарға бейжай қарамаңыз. Егер құқық бұзушылықтың куәсі болсаңыз немесе күдік тудыратын жағдайды байқасаңыз, полицияға дер кезінде хабарлаңыз. Сіздің көмегіңіз заңсыз әрекеттердің алдын алуға және өзгелердің қауіпсіздігін сақтауға көмектесуі мүмкін», - делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, Республика күніне орай елорданың алты ауданында мерекелік концерттер өтеді.