Референдум-2026: Астанада сайлау учаскелері жұмысын бастады
Астанада 15 наурыз күні таңғы сағат 7:00-де республикалық референдум өткізу үшін 501 учаске жұмысын бастады. Оның ішінде 395-і – ашық учаске, ал 106-сы – уақытша орналасқан орындардағы учаскелер. Таңертеңнен бастап дауыс беруге келген тұрғындардың белсенділігі байқалады, деп хабарлайды Elordainfo.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Референдумды дайындау және өткізу үшін Астанада 7 аумақтық комиссия (біреуі – қалалық, алтауы – аудандық комиссия), сонымен қатар 501 референдум комиссиясы құрылған.
Елорда тұрғындарының ыңғайлылығы үшін арнайы іздеу қызметі іске қосылды. Бұл сервис арқылы азаматтар өз учаскесін тез тауып, оның мекенжайын және жету жолдарын біле алады. Қызметке 2ГИС қосымшасы арқылы да қол жеткізуге болады.
395 учаскеде азаматтардың тіркелген мекенжайын тексеруге арналған онлайн-сервистер қолжетімді.
Сондай-ақ 30 учаскеде (әр ауданда 5-еуден)
шағын ХҚКО ұйымдастырылады. Мұнда тіркеуі жоқ азаматтардың референдум өтетін күні тіркеліп, бірден дауыс беруіне мүмкіндік қарастырылған.
Сонымен қатар елордадағы сайлау учаскелерінде тұрғындар үшін арнайы фотозоналар мен фотокабиналар ұйымдастырылған. Дауыс беруге келген қала тұрғындары учаскеге барғаннан кейін естелік суретке түсе алады.
Фотозоналар тақырыптық стильде безендірілген, ал кейбір учаскелерде әрбір қалаушы бірден естелік фотоға түсе алатын фотокабиналар орнатылған.
Еске салайық, Астана тұрғындары өз сайлау учаскесін мынандай жолдармен біле алады:
- ресми веб-сервис: referendum.astana.kz
- Telegram-бот: referendum_astana_bot
- бірыңғай байланыс орталығы – iKomek 109 (109 нөмірі).
Сонымен қатар республикалық референдум өтетін күні – 15 наурызда Астанада қалалық, экспресс және қала маңындағы автобустармен жол жүру тегін болады. Бұл шешім тұрғындардың жүру жолын жылдамдатып, дауыс беру учаскелеріне қолжетімділікті арттыру мақсатында қабылданған.
Еске сала кетейік, бүгін Астана тұрғындары үшін автобус бағыттарында жол жүру тегін.