Елімізде жаңа технология көмегімен 7 перспективалы кен учаскесі анықталды

Елімізде жаңа технология көмегімен 7 перспективалы кен учаскесі анықталды
Фото: Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтан Құрылтай депутат Вадим Басин алдағы үш жылда геология саласында жоспарланған зерттеу жұмысы туралы сұрады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап..

«Жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу және еліміздің шикізаттық базасын толықтыру – стратегиялық міндет. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2,2 млн шаршы шақырым аумақтағы өңірлік геологиялық зерттеу жұмыстарын аяқтаймыз. Бұл еліміздің негізгі геологиялық картасы болады. Соңғы 30 жылда алғаш рет жер қойнауын 1:50 000 масштабында егжей-тегжейлі зерттеуге кірістік. Бұл – іздеу жұмыстарының алдындағы кезең. Қазірдің өзінде 100 мың шаршы шақырым аумақта 20 жоба әзірленді. Сирек және жерде сирек кездесетін металдарды іздеуге баса назар аударылады», - деп атап өтті Ерсайын Нағаспаев.

Министр зерттеу жұмыстарында тек заманауи әдістер қолданылатынын атап өтті. Олардың қатарында ғарыштық спутниктер арқылы Жерді қашықтан зондтау, аэрогеофизикалық түсірілім және ауыр жабдықтарды тасымалдай алатын заманауи дрон бар. Сондай-ақ мамандар алғаш рет тек Аустралия мен Канадада қолданылатын Ionic Leach атты геохимиялық әдісті пайдаланып жатыр. Алынған деректер жасанды интеллект бағдарламаларының көмегімен талданады.

«Қазірдің өзінде нақты нәтижелер де бар. Соңғы үш-төрт жылда біз шамамен 20 перспективалы учаскені анықтасақ, соңғы екі-үш айдың өзінде осындай 7 учаске белгіленді. Жыл соңына дейін олардың әлеуетін бұрғылау арқылы растаймыз деп ойлаймын.
Біз тек далалық жұмыстармен шектелмейміз. Заманауи технологиялардың көмегімен 4,8 млн ақпарат цифрландырылды. Бұлар – жалпы көлемі 500 терабайт ақпарат
яғни, бұрынғы есептер, карталар, сызбалар мен суреттер. Жүргізіліп жатқан ауқымды жұмыс алдағы жылдарда да жалғасады. Мұның бәрі мемлекеттің осы салаға қосымша инвестиция тартуына септігін тигізетін геологиялық дерекқорды қалыптастыру үшін жасалып жатыр», – деп түйіндеді министр.

Еске салсақ, бүгін Құрылтайда «2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы бірінші оқылым қаралды. Құрылтай отырысында депутаттардың сауалына жауап берген Премьер-министр Олжас Бектенов бюджетті әзірлеу барысында шығыс 6,7 трлн теңгеге қысқартылғанын мәлімдеді.