Батыс Қазақстан облысында ауылға барып, жұмысқа тұрған соң әлеуметтік қолдау алғандар 36 млн теңгені қайтаратын болды. Олар шартқа сәйкес әлеуметтік қолдау алған соң ауылда кемінде бес жыл міндетті түрде жұмыс істеуі тиіс болған. Бірақ, осы тиісті уақыт өтпей тұрып, жұмыстан шығып кеткендер анықталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz БҚО прокуратурасына сілтеме жасап.
БҚО Жәнібек ауданының прокуратурасы ауылдық елді мекендерге жұмысқа келген жас мамандардың әлеуметтік қолдау ретінде бөлінген бюджет қаражатының заңдылығына талдау жүргізді.
Талдау нәтижесінде шартқа сәйкес әлеуметтік қолдау алған қызметкерлер кемінде бес жыл міндетті түрде жұмыс жасауға тиіс болса да оны орындамастан өз еріктерімен жұмыстан шығып, бюджет қаражатын қайтармағанын анықтады.
«Прокуратураның қадағалау шаралары нәтижесінде сотқа талап арыздар беріліп, олар қанағаттандырылды. Қазіргі уақытта атқару парақтары сот орындаушыларына мәжбүрлеп орындатуға жолданды.
Прокуратура бюджет қаражатының заңды, тиімді және мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекет мүдделерін қорғауды жалғастырады», - деп хабарлады Батыс Қазақстан облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.