Ертегі тыңдап ұйықтайды: Астанада әжелер балабақша бүлдіршіндеріне ертегі оқиды

Ертегі тыңдап ұйықтайды: Астанада әжелер балабақша бүлдіршіндеріне ертегі оқиды
Фото: Elordainfo.kz

Елордадағы «Әсемгүл» балабақшасында «Әжемнің ертегісі» атты тағылымды іс-шара өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.

Іс-шараның мақсаты - әжелердің өнегесі мен өмірлік тәжірибесін ұрпақ тәрбиесіне енгізу, сол арқылы ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу және балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру.

«Әжелер мектебінің» жұмысы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында қолға алынғанына шамамен үш жыл болды. Әжелер ай сайын балабақшаға келіп, ұйқы алдында балаларға ертегі оқиды. Ертегілер тәрбиешілермен бірлесіп, балалардың жас ерекшелігі мен күн тәртібіндегі тақырыптарға сәйкес таңдалады. 

«Әжемнің ертегісі» жобасы «Оқуға құштар» жобасы аясында жүзеге асырылады. Негізгі мақсаты – балалардың тілін, ой-қиялын дамыту, әженің мейірімі мен жылуын сезіндіру, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіру.

Өйткені халқымызда «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» деген сөз бар. Абай атамыздың өзі Зере әжесінің ертегілері мен әңгімелерін тыңдап өскен ғой. Сондықтан әжелердің бала тәрбиесіндегі орны ерекше. Әжелердің отбасы институтын нығайтуда да, жас аналарға бала тәрбиесіне қатысты да көрсетер үлгі-өнегесі мол деп есептеймін», - дейді балабақша меңгерушісі Жәзира Маматова.

Іс-шара барысында ақ жаулықты әже балаларға ертегі айтып, ондағы тағылымды түсіндіріп берді. 

«Мен - «Әсемгүл» балабақшасының «Әжелер мектебінің» мүшесімін. Балабақшадағы іс-шараларға белсенді қатысамын. 42 жастамын, осында бір немерем бар. Бүгін, міне, балаларға ертегі айтып беруге келдім. Жалпы, «Әжелер мектебінің» мүшелері айына бір рет кезектесіп балабақшаға келіп, балаларға ертегі оқып тұрады. 

Бұл жолы балаларға түркі халықтарының «Бұлбұл» атты ертегісін айтып, ондағы «Басқа елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген тағылымды ойды жеткіздім. 

Ертегі балалардың ой-қиялын дамытатын таптырмас құрал ғой. Үйде де немерем үшін тәрбиелік мәні зор ертегі-әңгімелерді таңдауға тырысамын», - дейді «Әсемгүл» балабақшасының «Әжелер мектебінің» мүшесі Гүлнар Көкенова. 


 

Бүгінде 302 бала тәрбиеленіп жатқан балабақшада ұлттық құндылықтарды дәріптеуге ерекше мән беріледі. Ғимараттың әр бұрышында қазақтың ою-өрнектері мен ұлттық нақыштары бейнеленген.