25 қазан – Республика күні қарсаңында ЕҰУ филология ғылымдарының докторы, профессор Рақымжан Тұрысбек азаттық мәні мен Ата заңның негізі туралы ой-пікірімен бөлісті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
«Азаттық – кең ұғым. Мағына-мәні, табиғаты мен тағылымы да терең. Арғы-бергі тарихта талайы тағдыры, зардап-зобалаңы, әкімшіл-әміршіл жүйе мен отарлық езгі, империялық саясат «сүзгісі», қуғын-сүргіні де «ақтаңдақ беттер» арқылы айқындалды. Ұлт жадында, көшпенділер тарихнамасында мұның мысал-деректері көп-ақ...
Ел тарихы мен ұлт жадында, арман-аңсарларында – ежелден аңсаған: азаттық мәні, тәуелсіздік мұраттары асқақ болатын-ды. Арғы арналарды қайта ақтарып, парақтамай-ақ бертіндегі халықтық Ата Заңның преамбуласында: «Біз, біртұтас Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайта отырып, Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтап, мемлекеттің унитарлы сипатын, оның шекарасы мен аумағының тұтастығына қол сұғуға болмайтынын нақтылап, Әділетті Қазақстан идеясын және Заң мен Тәртіп қағидатын ұстанып, адамның және адамзаттың құқықтары мен бостандықтары мүлтіксіз сақталатынын мәлімдеп, бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық татулық қағидаттарына сүйеніп, мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құндылықтарын бағдарға алып, табиғатты аялау қажеттігін мойындап, бейбітшілікке және барлық елмен достыққы ұмтылып, келешек ұрпақ алдындағы аса жоғары жауапкершілікті сезініп, Қазақстан Республикасының Ата Заңын – осы Конституцияны қабылдаймыз», - делінген. Осында, сөз жоқ Ұлы дала, Қазақ халқы мен оның мың сан жылдық тарихы, шекарасы мен тұтастығы Һәм сабақтастығы, ұлт пен ұрпақ жауапкершілігі, адам мен оның құқықтары, бостандығы мен еркіндігі, этносаралық және конфессиялық татулық, бірлігі мен ынтымағы кең көлемде орын алады», - деді профессор.
Ол өз сөзінде құқықтық мемлекет қағидаттарының асыл арқауы – адам екеніне тоқталды.
«Адам мұраты – әділетті Һәм тұрақты қоғам, заң мен тәртіп, адал да арлы азамат ұстанымы, жауапкершілік жүгі, еңбекқорлық мәні, отаншылдық рух, біртұтас тәрбие жүйелі жүзеге асқанда ғана жан-жақты айқындалады. Құқықтық мемлекет қағидаттарының асыл арқауы – адам мен оның өмірі, еңбегі, зияткерлік мәні, қадір-қасиеті де осында жатқаны анық. Тегінде, адам мұраты асқақ, ұстанымы – жасампаздыққа негізделсе, қоғам ізгіленеді, дәуір дидары да нұрланып, болашаққа бағдар айқындалып, өмірге құштарлық артып, жан-жүрек жадырап, ақыл-парасатқа кең өріс ашылады. Бұдан байқалатыны: адам – әлемнің әміршісі, оның өмірі мен еңбек болмысы – қоғамның қозғаушы күші. Ақыл-парасаты, тәжірибе өрнектері – жасампаздық жолы. Қоғамның басты байлығы – адам, оның өмірі мен еңбегі, құқықтары мен бостандығы, ар-намысы, қадір-қасиеті, дәстүрі мен дүниетанымы, өмір тарихы мен тұрмыс-тіршілігі айрықша болып табылады.
Азаттық мәні, тәуелсіздік тағылымы осыған саяды», - деп жазды Р.Тұрысбек.