Астанада Республика күніне орай Elorda Aqparat медиахолдингінің дәстүрлі бильярд турнирі мәресіне жетті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Бесінші рет ұйымдастырылған жарысқа медиахолдинг қызметкерлері, басылым ардагерлері, жазушылар мен зиялы қауым өкілдері қатысып, өзара бақ сынады.
Дәстүрлі дода әріптестер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, аға буын мен жас ұрпақтың сабақтастығын жалғастыруға бағытталған. Сонымен қатар мереке қарсаңында бас қосқан қатысушылардың өзара сыйластығын арттырып, салауатты өмір салтын насихаттауға мүмкіндік берді.
Турнирдің ашылу салтанатында Астана қаласы Ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан Жүнісбеков қала әкімдігі атынан құттықтау сөз сөйлеп, осындай игі бастамалардың қоғамдағы ынтымақ пен өзара байланысты нығайтудағы маңызын атап өтті.


Классик жазушы Төлен Әдік қатысушыларға ақ батасын беріп, жарысқа сәттілік тіледі. Ол адамдардың жиі жүздесіп, пікір алмасуы мен қуанышты бірге бөлісуі сыйластық пен бауырмалдықты арттыратынын айтты. Сондай-ақ мұндай басқосулардың ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға ықпал ететінін жеткізіп, еліміздің мерейі үстем, тәуелсіздігіміз тұғырлы болуын тіледі.
Elorda Aqparat медиахолдингінің басшысы Олжас Сыдықбек те қатысушыларды құттықтап, «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» басылымдарының тарихына тоқталды. Биыл қос газеттің жарық көре бастағанына 36 жыл толып отыр. Тәуелсіздікпен құрдас басылымдар осы уақыт ішінде елорданың қалыптасуы мен дамуын, қаланың тыныс-тіршілігін оқырманға жеткізіп келеді деген Олжас Сыдықбек басылымдардың қалыптасуына үлес қосқан алғашқы редакторлар мен журналистердің еңбегіне құрмет білдіріп, бүгінгі редакция ұжымы сол дәстүрді жалғастырып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ мерейтой аясында ұйымдастырылған турнирге қатысушыларға сәттілік тіледі.



Ұлттық руханиятты қолдауға үлес
Турнирдің өтуіне кәсіпкер, BELES құрылыс компаниясының бас директоры Махат Төрәлі де қолдау көрсетті. Оның айтуынша, осындай басқосулар адамдардың бір-бірімен араласып, ортақ мақсат төңірегінде топтасуына, өзара ауызбіршілікті күшейтуіне жол ашады.
Кәсіпкер мұндай шаралардың қазақы болмысымызды сақтауға, ұлттық құндылықтарымыз бен руханиятымызды дәріптеуге де маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ қазақ руханиятын қолдауға әрдайым дайын екенін жеткізді.
Жарыс нәтижесінде жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
* І орын – Толқын Табысбек
* ІІ орын – Ахмет-Әлі Сақ
* ІІІ орын – Бауыржан Қарағызұлы
Сонымен қатар қатысушылардың шеберлігі мен ойын ерекшеліктері ескеріліп, бірқатар арнайы аталым бойынша жеңімпаздар анықталды.


Арнайы аталым иелері:
* Үздік комбинация – Әлімжан Сабыржанұлы
* Алғашқы шар – Айтмұхамбет Есдәулетов
* Мерген ойыншы – Базарбек Түкібаев
* Үздік соққы – Ғалым Омарханов
* Үздік дуплет – Ерлан Омаров
* Мәдениетті ойыншы – Дархан Мыңбай
* Шебер ойыншы – Кенже Жұмағұлов
* Епті ойыншы – Асқар Ахметов
* Үздік серия – Дәулеткерей Кәпұлы
* Тосын нәтиже – Талғат Ешенұлы
Ал, Әлихан Бөкейхан атындағы арнайы сыйлық Төлен Әбдікке, Мұқағали Мақатаев атындағы арнайы сыйлықты Жанболат Ауыпбаевқа табысталды.