Елордада Республика күні қарсаңында 120-дан астам іс-шара ұйымдастырылды

Бүгін, 18:07
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Елордада Республика күні қарсаңында 120-дан астам іс-шара ұйымдастырылды
Фото: Астана қаласы әкімдігі

Астанада Республика күніне орай мәдени-танымдық, ағартушылық, спорттық, экологиялық және әлеуметтік бағытта 120-дан астам іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды Elordainfo.kz Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. 

Мерекелік бағдарлама әлеуметтік желілерді, мектептерді, мәдениет мекемелерін, Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарын және басқа да алаңдарды қамтыды. Әлеуметтік желілерде мәдениет қайраткерлері, спортшылар, оқушылар мен жастар қатысқан «Менің Қазақстаным» челленджі өтіп жатыр. Қатысушылар Республика күніне арналған бейнеқұттықтаулар жариялап, Отанға деген сүйіспеншілігі мен ел дамуына қосып жүрген үлесі туралы сыр бөліседі.

Астана мектептерінде мерекенің тарихы мен маңызына арналған сынып сағаттары, пікірсайыстар, «Менің елім – Қазақстан» сурет байқауы, викториналар мен зияткерлік ойындар өткізілді. Достық үйінде Ғылыми-сараптамалық топ өкілдерінің қатысуымен конференция өтті, ал Астана қаласының мемлекеттік архивінде оқушылармен «Егемен елдің ертеңі» атты кездесу ұйымдастырылды. Алты ауданның Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарына келушілер үшін концерттер, шығармашылық кездесулер мен мерекелік тақырыпта бағдарламалар әзірленді.


Қалада тақырыптық көрмелер, семинарлар, дөңгелек үстелдер, әдеби кештер мен әлеуметтік акциялар да өтті.

«Таза Қазақстан» бастамасы аясында 7 мыңнан астам адам қатысқан экологиялық акциялар ұйымдастырылды. Акция барысында 370-ке жуық алма ағашы, қарағаш пен қайың отырғызылды.

Сонымен қатар Өнеркәсіп, Өндіріс және Теміржолшылар тұрғын алаптарында, «Көктал-1» тұрғын алабындағы «Наз» мемлекеттік би театрының алаңында, сондай-ақ «Қорғалжын» және «Айғыржал» скверлерінде концерттер өтті. Сағат 15:00-де концерттік бағдарлама «Жастар» және «Ататүрік» саябақтарында, «Бағыстан» және «Жағалау» тұрғын алаптарында, «Отау» шағынауданында, сондай-ақ Қалалық алаңда жалғасады.