Республика күні тәуелсіз елдің ең үлкен жетістігі білімді де талапты ұрпақ екенін еске салатын мереке. Бүгін қазақстандық оқушылар әлемнің ең беделді білім додаларында ел намысын қорғап жүр. Олардың жеңісін көрген сайын тәуелсіздіктің шынайы жемісі – өз күшіне сенетін, ғылым мен білімде шекара жоқ екенін дәлелдейтін жаңа буын деп ойлаймын. «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының басшысы Жанар Бейсенбаева 25 қазан – Республика күні қарсаңында осылай деп пікір білдірді, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Оның айтуынша, соңғы жеті жылда білім саласында педагог мәртебесін көтеру, мектеп инфрақұрылымын жаңарту, цифрлық мүмкіндіктерді кеңейту және әр баланың қабілетін қолдау бағытында елеулі қадамдар жасалды.
«Осы өзгерістер елордалық оқушылардың жетістіктерінен де байқалады. 2019–2020 және 2025–2026 оқу жылдарының аралығында біздің есептегі бес негізгі олимпиада және ғылыми жоба бағыты бойынша 2 524 қатысу, 1 576 жүлделі нәтиже тіркелді. Соның ішінде халықаралық жарыстарда 1 041 қатысу және 664 жүлделі нәтиже бар. Бұл сандардың артында үздіксіз дайындық, ұстаз еңбегі мен баланың табандылығы тұр.
Тек 2025–2026 оқу жылында республикалық және халықаралық олимпиадалар мен конкурстарға қатысқан 593 елордалық оқушының 331-і жүлдегер атанды: 83 алтын, 100 күміс, 148 қола медаль. Марғұлан Шарел Еуропалық математикалық олимпиадада алтын медаль жеңіп алды, Ансар Жақсылықов халықаралық химия олимпиадасында күміс жүлдеге ие болды. Нұргүл Егенбергенова мен Ілияс Қазымбек Қазақстан құрамасының халықаралық физика олимпиадасындағы тарихи жеңісіне үлес қосты. Мұндай нәтижелер – бір мектептің немесе бір орталықтың ғана емес, бүкіл елдің мақтанышы», - дейді ол.
Биыл 20 жылдығын атап өтетін «Астана дарыны» орталығы да уақыт талабына сай өзгерген.
«Біз дарынды баланы тек жоғары сыныпта іздемей, мектепке дейінгі кезеңнен бастап қолдауға, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға мүмкіндік ашуға, 5–8-сынып оқушыларын ғылым мен олимпиадаға ертерек тартуға ден қойдық. «GeoStar», «KERUEN SCIENCE», «Robotek Grand Tournament», «STEM олимпиада» және Skills бағытындағы жобалар – осы кеңейген мүмкіндіктің көрінісі», - деді орталық басшысы.
Жанар Бейсенбаева Республика күні – өткенді мақтан ету ғана емес, ертеңге жауап беру екенін айтады.
«Біз ашқан әр талант, қолдаған әр ізденіс, бағындырған әр зияткерлік белес – тәуелсіз Қазақстанның болашағына қосылған үлес. Еліміздің мерейі үстем, білімді ұрпағымыздың жолы ашық болсын! Республика күні құтты болсын!» - деп тілегін білдірді ол мереке қарсаңында.







