Астанада жеке инвестиция есебінен туризм және демалыс инфрақұрылымы кеңейіп келеді. Соның бірі – Wellness Resort Mountains ЖШС жүзеге асырып жатқан «Лес» экопаркі. Жоба бір мезгілде 300-ге дейін келушіні қабылдауға есептелген, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Кешен өкілдерінің мәліметінше, экопаркте 71 қонақүй нөмірі қарастырылған. Сондай-ақ екі, төрт және алты адамға арналған демалыс үйлері бар.

Жоба аясында қажетті инженерлік инфрақұрылым жүргізілген. Атап айтқанда, аумаққа газ, электр энергиясы, су және кәріз желілері тартылған.
Қазіргі уақытта экопаркте бірқатар демалыс қызметі ұсынылады. Алдағы уақытта балаларға арналған жабық ойын алаңын, ашық бассейндерді және спорттық демалыс орындарын іске қосу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар кәсіпорын қысқы туризмді дамытуды көздейді. Атап айтқанда, қарда жүретін көліктерге арналған бағыттарды ұйымдастыру жоспарда бар.

Астана даму орталығының Инвестициялық жобаларды тарту департаментінің директоры Габиден Буркитбаевтың айтуынша, мұндай жобалар қаланың туристік әлеуетін арттырумен қатар, кәсіпкерліктің дамуына да ықпал етеді.
«Біз үшін инвестиция тарту ғана маңызды емес, сонымен қатар жобаларды нақты нәтижеге дейін жеткізу – жаңа нысандар, жұмыс орындары және елорда тұрғындары мен қонақтарына арналған мүмкіндіктерді қалыптастыру маңызды», – деді ол.
Оның сөзінше, Астана даму орталығы жобаны жүзеге асыру барысында инвесторға мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл орнатуға және ұйымдастырушылық мәселелерді шешуге қолдау көрсеткен.
Бұған дейін Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелері елордадағы төрт инвестициялық жобамен, оның ішінде «Лес» экопаркінің жұмысымен танысқанын жазған едік.