Астана бос жұмыс орындарының үлесі бойынша көш бастады

Астана бос жұмыс орындарының үлесі бойынша көш бастады
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

2026 жылдың тоғыз айында Enbek.kz электронды еңбек биржасында жарияланған бос жұмыс орындарының ең көп үлесі Астанаға тиесілі болды. Елордадағы көрсеткіш 8,7%-ды құрады, деп хабарлайды Elordainfo.kz ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрліктің мәліметінше, қаңтар-қыркүйек аралығында жұмыс берушілер электронды еңбек биржасына 1 миллионнан астам бос жұмыс орнын орналастырған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,9%-ға көп. 2025 жылдың тоғыз айында 978 мың бос жұмыс орны жарияланған болатын.

Биыл платформада ай сайын орта есеппен 120 мыңға жуық жұмыс орны ұсынылған.

Жұмыс берушілердің белсенділігі, әсіресе, қыркүйекте артқан. Бір айда 254 мың бос жұмыс орны жарияланып, бұл тоғыз айдағы жалпы көрсеткіштің 23,2%-ын құрады. Тамызбен салыстырғанда бос жұмыс орындарының саны екі есеге жуық өскен.

Сұраныстың артуы сауда, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі және көлік салаларында байқалған.

Қандай мамандарға сұраныс жоғары?

Жыл басынан бері жарияланған бос жұмыс орындарының 26,3%-ы білім беру саласына тиесілі. Одан кейін басқа қызмет түрлері (13%), денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету (8,5%), өңдеу өнеркәсібі (7,2%) және мемлекеттік басқару (6,8%) салалары тұр.

Өңірлер арасында Астанадан кейін Алматы қаласы (8,4%), Қарағанды (6,8%), Түркістан (6,7%) және Павлодар (6,3%) облыстары орналасқан.

Жұмыс берушілер көбіне орта деңгейдегі біліктілігі бар мамандарды іздеген. Мұндай бос жұмыс орындарының үлесі 42,1%-ды құрады. Жоғары білікті мамандарға арналған ұсыныстар – 32,7%, ал арнайы біліктілікті қажет етпейтін жұмыстар – 25,2%.

Ең көп сұранысқа ие мамандықтар қатарында медбикелер, автокөлік жүргізушілері, тәрбиешілер, математика мұғалімдері, бухгалтерлер мен аспаздар бар. Сонымен қатар әлеуметтік педагогтер мен мектеп психологтарына да сұраныс жоғары.

Бос жұмыс орындары туралы толық ақпаратты Enbek.kz электронды еңбек биржасынан көруге болады.

Бұған дейін Астанада биыл 3 мыңнан астам жас тұрақты жұмысқа орналасқанын жазғанбыз.