Ашықтық пен халықпен кері байланыс – тиімді жұмыстың негізгі қағидаты

Ашықтық пен халықпен кері байланыс – тиімді жұмыстың негізгі қағидаты
Фото: Астана қаласы «Сарыарқа» ауданы әкімдігі

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – мемлекет дамуына кедергі келтіретін маңызды мәселелердің бірі. Сондықтан Астана қаласы «Сарыарқа» ауданының әкімдігі өз жұмысында ашықтық, есептілік және тұрғындармен тығыз байланыс орнату қағидаттарын басшылыққа алады, деп хабарлайды Elordainfo.kz..

Азаматтардың сенімін арттыру үшін тұрғындардың өтініші мен ұсыныстарына ерекше мән беріледі. Аудан әкімі мен құрылымдық бөлім басшыларының әлеуметтік желідегі парақшасы, қоғамдық қабылдау және онлайн диалогтар халықпен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Әрбір өтініш назарға алынып, көтерілген мәселелер бойынша тиісті жұмыстар жүргізіледі.

Тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдап, өтініштері мен ұсыныстарын назарға алу мақсатында аудан әкімінің жеке қабылдауы аптасына бір рет өткізіледі.

Жыл басынан бері 32 жеке қабылдау ұйымдастырылып, тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді тікелей жеткізуге мүмкіндік алды. Әрбір өтініш бойынша зерделеу жұмыстары жүргізіліп, әкімдік құзыретіне кіретін мәселелердің шешілуіне тиісті шаралар қабылданады.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында мемлекеттік қызметшілер арасында заң талаптары мен әдеп нормаларын түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіледі. Мемлекеттік сатып алулар электронды форматта жүзеге асырылып, бюджет қаражатының ашық әрі тиімді жұмсалуына басымдық беріледі.

Аудандағы маңызды бастамалардың бірі – «Халық қатысатын бюджет» жобасы. Оның аясында тұрғындар аулаларды абаттандыру, жарықтандыру, балалар және спорт алаңдарын орнату бойынша ұсыныстар беріп, онлайн дауыс беру арқылы жобаларды таңдауға қатысады. Бұл тұрғындардың өз ауданының дамуына тікелей араласуына жол ашады. Сондай-ақ, осы бағдарламамен 14 аула абаттандырылды.

Ашықтық пен халықпен кері байланыс – тиімді жұмыстың негізгі қағидаттары. «Сарыарқа» ауданының әкімдігі тұрғындардың пікірлері мен ұсыныстарын ескере отырып, қоғам сенімін нығайтуға және өз жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуге баса назар аударады.

«Сарыарқа» ауданының әкімі

Жанасыл Шаукентаев