Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» Жолдауында шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың жаңа тәсілдерін айқындады. Бүгінде шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі шамамен 40 пайызға жетіп, негізгі капиталға салынатын инвестициялардағы көрсеткіші 70 пайызға жуықтады. Бұл деректер кәсіпкерлік сектордың ел экономикасындағы орны артып келе жатқанын көрсетеді. Сондықтан бизнестің өндірістік әлеуетін кеңейту, ұзақ мерзімді қаржыландыруға қолжетімділігін арттыру және әкімшілік кедергілерді азайту мәселелері өзекті. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Экономикалық саясатты талдау бөлімінің бас сарапшысы Айғаным Исенова айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Спикердің сөзінше, Жолдаудағы негізгі бастамалардың бірі – орта бизнесті дамытудың арнайы жоспарын әзірлеу. Бұл бағыт ұзақ мерзімді қаржыландыру мен технологиялық жаңғыртуға мүмкіндік беріп, кәсіпорындардың өндірістік қуатын арттыруға бағытталған.
«Орта кәсіпорындардың өндірісті кеңейтуге, жаңа технологияларды игеруге және ірі компаниялармен орнықты байланыстар орнатуға әлеуеті бар. Экономиканың осы буынын дамыту кәсіпкерлік сектордың құрылымын нығайту үшін маңызды.
ЭЫДҰ-ның 2026 жылғы шолуына сәйкес, 2025 жылы Қазақстандағы шағын және орта бизнестің кредиттік портфелі 18,6 пайызға, ал жаңадан берілген кредиттер көлемі 7,9 пайызға ұлғайды. Сонымен қатар лизингтік қаржыландыру көлемі 14 пайызға өсті. Ұзақ мерзімді қаржы құралдарын одан әрі дамыту өндірістік қуаттарды жаңартуға және инвестициялық жобаларды іске асыруға ықпал етуі мүмкін», - деді Айғаным Исенова.
Оның пікірінше, шағын және орта бизнестің мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуларға қолжетімділігін кеңейту де кәсіпкерлікті қолдаудың маңызды тетігі саналады. Президент сатып алулардың бір бөлігін кәсіпкерлерге резервтеу және жеткізушілерге қойылатын талаптарды жеңілдету мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
«Қаржы министрлігінің деректері бойынша, 2025 жылы мемлекеттік сатып алулар көлемі 8,1 триллион теңгеге жетті. Ал бірыңғай цифрлық платформада шамамен 120 мың белсенді жеткізуші тіркелді. Бұл – шағын және орта бизнес үшін ауқымды нарық.
Кәсіпкерлердің осы сегментке қатысуын кеңейту отандық өнімдерге сұранысты арттырып, өндірісті жоспарлауға, инвестиция тартуға және өнім шығару көлемін ұлғайтуға қосымша жағдай жасай алады. Мемлекеттік сатып алуларға қолжетімділік кәсіпорындарға тұрақты тапсырыс алуға мүмкіндік берсе, бұл олардың өндірістік әлеуетін дамытуға да ықпал етеді», - деді ол.
Сарапшы бақылау-қадағалау жүйесін жетілдіру бастамасының да кәсіпкерлік ортаның дамуына әсер ететінін атап өтті. Президенттің мәліметінше, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында жеке кәсіпкерлер тарапынан жасалған құқықбұзушылықтар саны 34 пайызға азайғанымен, айыппұлдар сомасы шамамен 11 пайызға өскен. Сонымен қатар жоспардан тыс тексерулер саны ондаған есе артқан.
«Мемлекет басшысы іскерлік белсенділікті талдау тек бизнеске кедергі келтірмеумен шектелмеуі керектігін атап өтті. Осыған байланысты бұған дейінгі мораторий тәжірибесін ескере отырып, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнесті тексеруге үш жылдық мораторий енгізудің орындылығын талқылау ұсынылды.
Бақылау рәсімдерін жетілдіру әкімшілік жүктемені азайтып, кәсіпкерлік қызмет жағдайларының болжамдылығын арттыруға ықпал етуі мүмкін. Бұл ретте мемлекеттік бақылау мен кәсіпкерлік еркіндігі арасындағы тепе-теңдікті сақтау маңызды», - деді Айғаным Исенова.
Айғаным Исенованың пікірінше, аталған шаралар кәсіпкерлік секторды әртараптандыруға да мүмкіндік береді. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2026 жылғы 1 қазанда Қазақстанда 2,14 миллион шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Олардың 36,2 пайызы автомобильдер мен мотоциклдерді жөндеуді қоса алғанда, көтерме және бөлшек сауда саласына тиесілі.
«Бұл көрсеткіштер кәсіпкерлік құрылымында сауда саласының елеулі орын алатынын аңғартады. Сондықтан өндірістік бағыттағы орта бизнесті дамыту, оның ірі кәсіпорындармен кооперациясын күшейту және мемлекеттік сатып алуларға қолжетімділігін кеңейту маңызды. Мұндай тәсіл кәсіпкерліктің өндірістік және технологиялық бағыттарын нығайтуға ықпал етуі мүмкін.
Жалпы, Жолдауда белгіленген бастамалар шағын және орта бизнесті дамытудың өзара байланысты тетіктерін қалыптастырады. Ұзақ мерзімді қаржыландыру кәсіпорындарды жаңғыртуға алғышарт жасайды, мемлекеттік сатып алуларға қолжетімділік өнім өткізу мүмкіндіктерін кеңейтеді, ал реттеу жүйесін жетілдіру болжамды іскерлік ортаның қалыптасуына ықпал етеді. Бұл шараларды жүйелі іске асыру инвестициялық белсенділікке, еңбек өнімділігінің өсуіне және Қазақстан экономикасын әртараптандыруға қосымша серпін беруі мүмкін», - деп атап өтті сарапшы.