Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» Жолдауында экономиканы цифрландыру, жасанды интеллектіні дамыту және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар салықтық әкімшілендіруді жаңғырту, азаматтық заңнаманы жетілдіру, шағын және орта бизнесті қолд3ау мен инвестициялық ахуалды жақсарту бағыттары да өзекті міндеттердің қатарында. Бұл бастамаларды іске асыру технологиялық жаңарумен қатар, құқықтық кепілдіктер мен мемлекеттік басқарудың ашықтығын қамтамасыз етуді талап етеді. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері Марат Жұмағұлов айтты, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Сарапшының пікірінше, экономикалық дамудың негізгі шарттарының бірі – жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды мемлекеттік басқару және кәсіпкерлік қызметке жүйелі түрде енгізу. Заманауи ақпараттық жүйелер деректерді өңдеуді автоматтандыруға, экономикалық теңгерімсіздіктерді анықтауға, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға және мемлекет пен бизнес арасындағы өзара іс-қимылды жеңілдетуге мүмкіндік береді.
Әсіресе салықтық әкімшілендіруде цифрлық құралдардың маңызы зор. Ауқымды деректерді талдау арқылы күмәнді операцияларды анықтап, салықтық тәуекелдерді дәлірек бағалауға және кірістерді жасыру мүмкіндіктерін шектеуге болады. Бұл адал кәсіпкерлерге түсетін салық жүктемесін арттырмай-ақ, бюджет кірістерінің жиналу деңгейін көтеруге жағдай жасайды.
«Салықтық тәуекелдерді алгоритмдік бағалау уәкілетті лауазымды тұлғаның шешімін автоматты түрде алмастырмауға тиіс. Кәсіпкер өзіне қойылған талаптардың негіздерін білуге, түсініктеме беруге және мемлекеттік органның шешіміне шағымдануға мүмкіндік алуы қажет. Басқаша айтқанда, цифрлық мемлекет технологиялық тұрғыдан дамыған ғана емес, құқықтық мемлекет те болуы тиіс», - деді Марат Жұмағұлов.
Оның айтуынша, азаматтық заңнаманы жетілдіру де экономиканың жаңа талаптарына бейімделудің маңызды бөлігі саналады. Азаматтық кодекс мүліктік қатынастарды, шарттық тәртіпті, меншік құқығын қорғауды және кәсіпкерлік қызметтің құқықтық негіздерін реттейді. Сондықтан заңнаманы жаңарту құқықтық қайшылықтарды жоюға, сот практикасының болжамдылығын арттыруға және цифрлық экономикаға қажетті тетіктерді қалыптастыруға бағытталуы керек.
Бүгінде электрондық мәмілелер, платформалық жұмыспен қамту, цифрлық активтер мен шарттарды автоматтандырылған түрде орындау кеңінен дамып келеді. Бұл өзгерістер жаңа құқықтық нормалар мен нақты реттеу тетіктерін қажет етеді. Сонымен бірге инвесторлар үшін заңнаманың заманауилығымен қатар, оның тұрақтылығы мен біркелкі қолданылуы да маңызды.
Марат Жұмағұлов шағын және орта бизнесті қолдау мәселесіне де тоқталды. Сарапшының сөзінше, кәсіпкерлік сектор жұмыспен қамтуды қамтамасыз етіп, бәсекелестікті қолдауға және экономиканы әртараптандыруға ықпал етеді. Осы тұрғыдан алғанда, негізсіз әкімшілік қысымды азайту, рұқсат беру рәсімдерін жетілдіру және мемлекеттік сатып алуға қатысу мүмкіндіктерін кеңейту іскерлік белсенділікті арттыруға мүмкіндік береді.
«Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау нарықтың жекелеген қатысушыларына артықшылықтар беру жүйесіне айналмауы аса маңызды. Мемлекеттік сатып алуға және қолдау шараларына қол жеткізу ашық өлшемшарттарға, адал бәсекелестікке және бюджет қаражатының пайдаланылуын бақылауға негізделуі тиіс. Тек осындай жағдайда ғана әкімшілік кедергілерді азайту бизнестің жекелеген топтары арасында артықшылықтарды қайта бөлуге емес, бәсекеге қабілетті экономиканың дамуына ықпал етеді», - деді ол.
Сарапшы бақылау-қадағалау жүйесін жетілдіру кезінде де белгілі бір тепе-теңдікті сақтау қажеттігін атап өтті. Атап айтқанда, кәсіпкерлерді тексеруге шектеулер енгізу мәселесі адамдардың өмірі мен денсаулығына төнетін қатерлерді, экологиялық қауіпсіздікті және заңмен қорғалатын өзге де мүдделерді ескере отырып қарастырылуы керек.
Марат Жұмағұловтың пікірінше, инвестициялық ахуал да экономикалық және құқықтық саясаттың сапасына тікелей байланысты. Инвесторлар салық мөлшерлемелері мен инфрақұрылымның қолжетімділігін ғана емес, заңнаманың болжамдылығын, дауларды шешу тетіктерін, мемлекеттік басқару сапасын және мүліктік құқықтардың қорғалу деңгейін де назарға алады. Сондықтан капитал тарту экономикалық ынталандыру шараларын, құқықтық кепілдіктерді және тиімді жауапкершілік институттарын біріктіретін кешенді тәсілді талап етеді.
Осылайша, цифрлық технологияларды енгізу, азаматтық заңнаманы жаңарту, кәсіпкерлікті қолдау және инвестициялық ахуалды жақсарту бір-бірімен тығыз байланысты бағыттар саналады. Оларды жүйелі іске асыру технологиялық дамумен қатар, құқықтық тұрақтылықты нығайтуға және Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негіз бола алады.