Астаналық полицейлер Президенттік көпсайыста жүлделі орын алды

22 шілде, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Астаналық полицейлер Президенттік көпсайыста жүлделі орын алды
Фото: polisia.kz

Лисаков қаласында Президенттік көпсайыстан ірі көлемде республикалық жарыс өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Елдің 10 өңірінен барған 160 ең мықты спортшы жарыс алаңына шықты. Аптап ыстық, тығыз кесте, күрделі кезеңдер – әр күн қатысушылар үшін нағыз сынақ болды. Бұл жай ғана жарыс емес, бұл – мықтылыққа, төзімділікке, мінезге, ең қиын сәтте берілмеу қабілетіне арналған шынайы сын.

Полиция қызметкерлері үшін бұл жарыстар үлкен сынаққа айналды. Бірнеше күн ішінде олар қысқа қашықтықтағы жүгірістер, ұзаққа жүгіру, дәлдік пен техниканы қажет ететін секірулер мен күрделі күштік жаттығулардан өтті. Мұның бәрі тек физикалық төзімділікті ғана емес, жинақтылық пен ішкі берік рухты да талап етті.

Полиция қызметкері Ізбасар Мұсабеков жоғары деңгейдегі дайындық көрсетіп, барлық кезеңдерден сенімді өтіп, Қазақстанның абсолютті чемпионы атанды.

Тәртіп сақшысы Айхат Ибрашев та табандылық пен төзімділіктің үлгісін көрсетіп, күміс жүлдеге ие болды. Оның жетістігі – командалық рухтың, бірліктің және қайсарлықтың айқын дәлелі.