Астаналық гандболшылар халықаралық турнирде қола жүлдегер атанды

Бакуде Гейдар Әлиев кубогына арналған ерлер командалары арасында халықаралық гандбол турнирі аяқталды. Жарысқа Әзербайжан, Түркия, Грузия, Өзбекстан және Қазақстан елдерінен ұлттық және клубтық құрамалар қатысты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қазақстан намысын екі команда – ұлттық құрама мен елордалық команда қорғады. Турнир қорытындысы бойынша Астана гандболшылары үшінші орын алды. Күміс жүлдені Қазақстанның ұлттық құрамасы иеленсе, жеңімпаз атанған – Өзбекстан командасы.
«Турнир өте тартысты өтті. Біз мықты бәсекеге дайын болдық және бұл кездесулерге мұқият дайындалдық. Қарсыластар фаворит саналғанымен, Астана құрамасы лайықты нәтиже көрсетті. Үздік үштіктің қатарынан көріну – біз үшін үлкен мәртебе. Жігіттер бар күшін салып ойнады және бұл марапатқа толықтай лайықты болды», – деді Астана құрамасының аға бапкері Диас Ақмұрзаев.



