00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елордалық оқушы инженерлік саланы дамытқысы келеді

25 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елордалық оқушы инженерлік саланы дамытқысы келеді

Аружан триатлон секциясы ашылған соң қызығып, қатысқысы келген. Сөйтіп, 13 жасында кәсіби түрде триатлонмен айналыса бастаған.

Триатлон, негізінен, үш спорт түрінен құралған. Қатысушылар жүзу, веложарыс және жүгіру кезеңінен өтеді. Қазіргі кездегі заманауи триатлон ХХ ғасырдың басында Францияда пайда болды. Триатлон пайда болған кезден бастап-ақ көптеген адамдар қызығушылық тудырды. Бүгінгі таңда да қызығатындар аз емес. Кәсіби спортпен айналысқан кезде жалығып кету өте оңай деп ойлаймын. Маған триатлон спорт түрлері біріккендіктен қатты ұнады. Мұндағы ерекшелік – жүзіп болған соң велосипедке отырып, бірден жүргізіп кету керек. Үнемі қозғалыста боласың, – деді Аружан.

Триатлоншы қыз бір жыл бұрын жаңа жаттықтырушыға ауысқан екен. Есімі – Диас Күнтуаров. Мұндағы ережелерге үйрену оған оңайға соқпаған.

Қазір триатлон қарқынды түрде дамып келе жатыр. Осы уақытқа дейін қалалық, республикалық чемпионаттарға қатыстым. Есіме триатлоннан қатысқан алғашқы республикалық чемпионатым түсіп отыр. Себебі онда өте көп қатысушы болды. Сол кезде триатлонға қатысатындарды көріп, мотивация алған едім. Бір жыл бұрын жаттықтырушымды ауыстырған соң жаттығудағы кейбір ережелерге үйрену қиын болды. Мәселен, 3 рет кешіксек, командадан шығарып жібереді деген сияқты ережелер болды. Одан бөлек, жарыс жақындағанда нан, ет сияқты тағамдарды жемеу керек. Дегенмен қазір үйреніп кеттім, – деді ол.

Жаттығу күн сайын өтеді. Бір күнді бір спорт түріне арнайды.

Ең алғаш рет қалалық жарысқа қатысқан едім. Сол кезде жүзу Есіл өзенінде өткен. Үш дисциплинаны да бірге орындау керек болды. Мен жүзуде басымды көтерген кезде қатысушыларды көрмедім. Сол кезде жалғыз өзім адасып кеттім бе деп қатты қорықтым. Бірақ бәрі ойдағыдай болды, – деді Аружан.

Талапты оқушы бос уақытында сурет салғанды ұнатады. Астрофизиканы зерттегенді жақсы көреді.

Кітапты көп оқимын. Бірақ уақыт жетпей қалады. Сол үшін демалыс күндері уақытымды тиімді пайдалануға тырысамын. Джек Лондон, Шарлотта Бронтенің шығармалары ұнайды. Ал қазақ әдебиетінен Мағжан Жұмабаевтың өлеңдері мен поэмаларын жақсы көремін. Жақында «Батыр Баян» поэмасын оқыған едім. Психологиялық реализм бағытында жазылған. Өзім психологияға қызығатын болған соң сол жағынан кәдімгідей қызық болды, – деді ол.

Аружанның айналысып жүрген әлеуметтік жобасы да бар екен. Бірақ болашақта инженерлік саланы дамытқысы келеді.

Соңғы кезде ерекше қажеттілігі бар балалардың спортпен айналысу мәселесі алаңдатып жүр. Соған орай «Талпыныс» әлеуметтік жобасын бастаған едік. Мұнда 5-13 жас аралығындағы ерекше қажеттілігі бар балаларға тегін жаттығу өткіздік. Қазіргі таңда онлайн жұмыс істеп жатырмыз. Ата-аналарға тренинг өткізіп жүрміз. Мектеп бітірген соң инженерлік салада білім алып, қызмет ету – негізгі мақсатымның бірі, – деді ол.

Аружанның кураторы Айсұлу Хангелдінің айтуынша, бойжеткен спортқа ғана емес, мектептегі шараларға да белсенді қатысады.

Былтыр мектеп президенті болуға бағын сынап көрді. Өзінің сабақтан тыс айналысатын жобалары бар. Спорт үйірмелеріне қатысып, бәріне үлгереді. Тіпті сенбі-жексенбі күндері де жаттығуға барады. Сыныпта ұйым­дастырушы, лидерлігі басым деп айтар едім. Барлық адамдармен өте жақсы қарым-қатынас жасайды. Аружанның анасы – біздің сыныптың ата-аналар комитетінің мүшесі. Әрқашан шараларға белсене қатысып жүреді. Болашағынан күтеріміз мол, – деді кураторы.

Айзада Жайыққызы