Жеңіс Қасымбек: Баға үшін емес, шынайы білім үшін оқыңыздар

Бүгін, 16:26
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
views50
Жеңіс Қасымбек: Баға үшін емес, шынайы білім үшін оқыңыздар
Фото: Instagram/Jenis_qasymbek

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында елорда тұрғындары мен қонақтарын Білім күнімен құттықтады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Құрметті оқушылар, ата-аналар мен ұстаздар! Сіздерді шын жүрегіммен Білім күнімен құттықтаймын! 31 мыңнан астам оқушы бірінші сыныпқа барып, алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Олар үшін білімге, жаңа танымдарға және жаңа белестерге бастайтын үлкен жол ашылып отыр. Мектеп – тек сабақ пен кітап емес, ол – алғашқы достықтың, алғашқы жетістіктің және алға жетелейтін арманның бастауы. Баға үшін емес, шынайы білім үшін оқыңыздар. Табандылық пен еңбектің арқасында ғана үлкен жетістіктерге қол жеткізе аласыздар.Астанада сапалы білім беру үшін барлық жағдай жасалып жатыр, заманауи технологиялар енгізіліп, жаңа мектептер салынуда. Білім күні Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында қосымша 28 мың оқушыға арналған (екі ауысымды) жеті жаңа мектеп ашылды», - деді әкім.

Жалпы оқу жылы барысында 15 жаңа мектеп ашу жоспарланып отыр.

«Өткен оқу жылында рекордты деңгейде 66 мың оқушыға арналған (екі ауысымды) 24 мектеп ашылды. Оның ішінде 16-сы – «жайлы мектеп». Құрметті ұстаздар! Сіздердің еңбектеріңізге, шыдамдылықтарыңызға және балаларға деген мейірімдеріңізге зор ризашылығымды білдіремін. Қадірлі ата-аналар, жаңа оқу жылы балаларыңыздың білімге деген қызығушылығын арттырып, жаңа биіктерге жетелесін. Оқушыларымызға оқу жылы сәтті, жетістіктерге толы болуын тілеймін! Жаңа оқу жылында ынталарыңыз артып, білім көкжиектеріңіз кеңейіп, биік белестерді бағындырыңыздар. Білім күні мерекесі құтты болсын!», - деді Жеңіс Қасымбек.