00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Құжаттағы қателіктен шетелде шыға алмаған астаналық құзырлы органды сотқа берді

9 қыркүйек, 2024
Торғын Аман Торғын Аман
Құжаттағы қателіктен шетелде шыға алмаған астаналық құзырлы органды сотқа берді
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астаналық азамат Таиландқа 2 рет туристік жолдама алса да құжаттағы қателікке байланысты шетелде демала алмаған. Соған байланысты ол қалалық полиция Департаментіне және Көші-қон қызметі комитетіне қатысты сотқа шағым түсірген, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Іс Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында қаралды.  Талап қоюшы 2023 жылдың қараша айында төлқұжатын ауыстырып, Таиландқа туристік жолдама сатып алған. Алайда Қазақстанның мемлекеттік шекарасында паспорттық бақылаудан өту барысында бірыңғай ақпараттық базада төлқұжат жарамсыз деп көрсетілген соң рейске жіберілмеген.

И. полиция Департаментіне жүгінгенде көші-қон қызметкерінің төлқұжатты ауыстыру кезінде оның жаңа құжатын жарамсыз деп қате ақпарат енгізгені  анықталып, кейін өтініш негізінде қате түзетілген.

Талап қоюшы туристік жолдаманы қайта сатып алып, отбасымен бірге демалуға Таиландқа барған. Алайда Интерполдың базасында талапкердің төлқұжаты жарамсыз және қылмыстық деп танылуына байланысты ол Қазақстанға кері қайтарылған.

Елге оралғаннан кейін көші-қон қызметінің мамандары ұлттық төлқұжат базасындағы қатені жойғаны, бірақ Интерпол базасындағы қатені түзетпегені анықталды. Аталған қателіктердің нәтижесінде азамат И. екі рет шығынға ұшыраған.

«Сот жауапкерлерден материалдық залал мен моральдық зиянды бірлесіп өндіру туралы шешім қабылдады. Шешім заңды күшіне енген жоқ», - деп көрсетті Астана қалалық соты.